ЕСКІ ҚАЛАШЫҚ ЕЛДЕГІ ТУРИЗМГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Алдағы жылда Шымкентте атқарылатын шаруалар шаш етектен. Соның бірі үшінші мегаполистің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануын өз деңгейінде алып шығуы болып табылады. Осыған байланысты Шымкентте дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ең басты мақсаттардың бірі Ескі қалашықтағы Цитадель құрылысы. 

Бүгінде жалпы көлемі 5 гектарға жуық жерді алып жатқан Ескі қалашық аумағында қазба жұмыстары жалғасуда. Ондағы құрылысшылар саны 120 болса, археологиялық қазба жұмыстарымен 100-ге тарта адам шұғылдануда.
Цитадельдің құрылыс жұмыстары қала әкімі Ерлан Айтахановтың жіті бақылауында. Шаһар басшысының аптасына бір рет Цитадель аумағын аралауы соның жарқын мысалы. Қалашықты кезекті аралауы кезінде Ерлан Қуанышұлы «Цитадель болашақта туристер мен қала тұрғындарының ең қызықты нысандарының біріне айналуы тиіс. 2020 жылы
Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанатынын ескерсек, аталған нысандағы археологиялық қазба жұмыстарын өте қарқынды жүргізуіміз керек. Жерасты қаласын аршыған археолог-ғалымдарымыз көптеген тарихи жәдігерлер табуда. Келер жылы болатын айтулы іс-шараларға қазірден бастап сақадай сай болғанымыз абзал», — деген.
Елімізге белгілі археологтар Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихты артқа тастағаны туралы тұжырымын дәл осы Цитадельдегі қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерге сүйене отырып жасағаны белгілі. Солардың бірі тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев «Цитадельді зерттеу барысында қазба жұмыстары орнынан 8 зеңбірек, жарылған оқ жарықшақтары, құмыралар, түбектер, шырағдандар және әшекейлер мен алтын мен күмістен соғылған ақшалар табылды.
Шымкенттің өз мұражайын ашуға жететін дүние қолымызда бар»,- деп келтірген. Естеріңізге сала кетсек, таяуда ЮНЕСКО Шымкенттің 2200 жылдығын тарихын мақұлдаған болатын. Халықаралық ұйымның бұл тұжырымды мақұлдауы үшін 17 жыл уақыт кеткен. Қаланың тарихы туралы ЮНЕСКО-ның мақұлдауын сарыла күткен ғалымның бірі Бауыржан Байтанаев. Оның қаланың тарихын айшықтауға негіз болған талай қазба жұмыстарының бел ортасында жүрген ғалым ретінде Шымкентке 2200 жыл болғанын бірнеше жылдан бері айтып келе жатқаны белгілі. Мысалы, ол 2014 жылы «Шымкент келбеті» газетіне берген сұхбаты кезінде «Шымкенттің 2200 жыл екенін қанша дәлелдеуге болады?! Бұл жерде қаланың туу туралы нақты метрикасы туралы айтып отырмын. Ташкент бес жыл бұрын 2200 жылдығын атап өтті. Бұл қалалар өркениетті қоныстар ретінде бір мезгілде пайда болғаны дәлелденген. Өйткені екеуі де Ұлы Жібек жолының бойында.
Неге шымкенттіктер әлі күнге дейін туған қаласының жасын ресми мойындамайды?! Қаланың 2200 жылдық тарихын мақұлдаудың артықшылықтары көп. Ең алдымен бұл туристік кластерді дамытуға серпін береді. Шымкентке 2200 жыл. Мұны тіркеу керек!» деген мәлімдеме айтқан. Сонымен қатар ол, сол сұхбатта «Туристер қазіргі заманғы нысандарға емес, тарихи ескерткіштерге қарап шығады. Егер еліміздің ескерткіштері ЮНЕСКО тізіміне енгізілсе, онда оған деген қызығушылық айтарлықтай артады, олар тартымды болады. Мысалы, мыңдаған турист Мысырға ежелгі заманнан сақталып келе жатқан пирамидаларды көру үшін бет алады. Грекияға — ежелгі Акрополь қаласын аралау үшін табан тірейді. Римге Колизей амфитеатр тамашалау үшін барады. Біздің оңтүстікте де ежелгі дәуірді бағалаушылар үшін қызықты тарихи нысандар бар»,- деп, көп жылдардан бері сақталып келген тарихи жәдігерлер туристерді тартатын орын боларын нақты айғақтармен атап өткен. Ғалымның бұл пікірі арқылы Ескі қалашықта атқарылып жатқан жұмыстардың Шымкент үшін маңызы зор екенін түсінуге болады.
Болашақта Цитадель аумағында 500 орындық амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады. Жоспар бойынша ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталады деп күтілуде.

Ж. АРМАНОВА.