ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ АЛДЫН АЛУ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Сыбайлас жемқорлық фактісінің кез келген көрінісі қоғам дамуын тежейді. Сондықтан да оған қарсы тұру аса қажет. Бұл бағытта елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғаны белгілі. Аталған агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали сыбайластықтың салдарынан бұрын, оны алдын алу жұмыстарын жандандырудың маңызы зор екенін алға тартады. Яғни ол «ауруды емдегеннен гөрі, оны алдын алған әлдеқайда оңай» ұстанымын қоғам дерті саналатын сыбайластықпен күресте қолданудың нәтижесі мол болады деп сенеді.
Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғаны белгілі. Аталған агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті бірнеше жобаларды қолға алды.
Асхат Жұмағали қоғам дертімен күрес тек бір ғана мекеменің құзырына берілетін жұмыс болмауы керектігін, оны болдырмау отбасынан басталуы тиістігін айтады. Сонымен қатар ол, қоғамда парасаттылық құндылықтарын кең насихаттаудың да берері мол деп санайды.
Осы мақсатта агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті барлық топ арасында парасаттылық мəдениетін жетілдіру мақсатында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыруда. Биыл қалалық білім басқармасымен бірлесіп «Жастар жылына» орай жоғары оқу орындары мен колледждерде «Саналы ұрпақ», ал мектептерде «Адал ұрпақ» жобалары қолға алынды. Мақсат жастардың белсенді азаматтық ұстанымы арқылы білім саласындағы жемқорлыққа қарсы соққы беру. Жастарды сыбайластықтың кез келген түріне қарсы болуын қалыптастыру болып табылады. Осы орайда қаладағы білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттердің өздерін тəрбиелеуге мүмкіндік беретін, өзгені алдамауға үйрететін «Адалдық дүкендері» іске қосылды. Аталған дүкендерде оқытушылар мен студенттер өздеріне қажет заттарды сатушының қатысуынсыз алып, оның ақшасын кассалық жəшікке қалдырады. Осылайша сатушысы жоқ дүкенде өздеріне өздері қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен үшінші шаһарда «Ізгілік елшісі» жобасы бастау алды. Жоба мақсаты – халық арасында көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беру, жас ұрпақты жақсылық жасауға үндеу еді. Аталған жоба аясында департамент пен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері жəне жастар көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты волонтерлік көмек көрсетеді. Мұндай шараларға жастардың көптеп тартылуын жолға қою департамент пен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің назарынан шығарылмайды.
Сыбайластықтың құрығына түспеуде қоғамның берік иммунитетін қалыптастыру үшін парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттаудың берері мол. Соған сәйкес барлық сала қызметкерлері арасында парасаттылық құндылықтары бойынша дәріс өткізу үшін «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жанынан «Парасаттылық мектебінің» жұмысы басталған. Онда 50 лектор арнайы оқудан өтті. Аталған лекторлар қазіргі таңда қала мектептерінде сыбайластықтың зияны мен зардабы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан тәуелсіздігінің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында «Күшті Президент- ықпалды Парламент- есеп беретін Үкімет» формуласын іске асыруда халық үніне құлақ асудың маңыздылығы зор екенін баса айтқаны белгілі. Осы тапсырманы орындау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп «Open Space» форматына көшу жəне басшылардың кабинеттерін əкімшілік ғимараттардың бірінші қабаттарына ауыстыру, соның негізінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда осы жоба аясында Шымкентте 68 мектеп директоры және 31 бас дәрігер халықпен байланыста болудың қолжетімділігін арттырып, нәтижелі жұмысқа қол жеткізу үшін жұмыс кабинеттерін ғимараттың бірінші қабатындағы бөлмеге ауыстырғанын айта кетейік.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлықпен күресте парасаттылық қағидатын кеңінен насихаттауға басымдық беруін былай деп түсіндіреді. Яғни ол «Парасаттылықты бойына сіңірген адам ешкімге қиянат жасамай, тура, адал жолмен жүріп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік əрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс» дейді.
Ж. АРМАНОВА.