СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҚАРСЫ БАСТЫ ҚАРУ – БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ
Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2 121 құқық бұзушылықты тіркеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев тіркелген сол қылмыстардың 1590-ны сыбайлас жемқорлық ісі екенін мәлімдеген.
Сонымен қатар ол, тіркелген қылмыстар бойынша 1028 адам жауапқа тартылса, оның 23-і республикалық және 86-сы аймақтық деңгейдегі басшылар болғанын тілге тиек етті. Бұл үшін мемлекетке келтірілген залалдың мөлшері жылдағыдан едәуір өсіп, 23,2 млрд. теңгені құраған. Мемлекетке келтірілген шығынның 94% өтелгенмен, орын алған олқылық салдарынан халық үшін аса қажет қаншама мәселенің оябы табылмағаны анық. Ал Шымкентте ше?
Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаевтың таратқан деректеріне сүйенсек, осы жылдың тоғыз айында үшінші мегаполисте департаментпен 43 қылмыс тіркелген. Оның 31-і сыбайлас жемқорлық фактілері болған. Анықталған қылмыстардың көпшілігін парақорлық пен қазына қаржысына қол салу көрсеткіші кұраған. Орын алған сыбайлас жемқорлық деректерінің көпшілігі құқық қорғау органдарына, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары саласында кездескен.
Жалпы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елі үшін өте өзекті проблеманың бірі. Онымен күрес ешбір елде тоқтамаған. 9-желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып белгіленгені соның жарқын мысалы.
Осы датаға орай Шымкентте «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: қоғаммен байланыс» тақырыбында форум өтті. Жиынды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, қала әкімдігі мен «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараға мемлекеттік орган қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, «Nur Otan» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен студенттері қатысты.
Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен отырыста қала әкімі Ерлан Айтаханов сөз сөйледі. Ол барлық тұрғындарды қоғам дерті болып табылатын сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақырды.
Форумда Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев белең алған бұл қылмыспен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өз кезегінде ол сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жыл басынан бері 32 тұлға, оның ішінде 1-і республикалық, 3-і облыстық, 2-і – аудандық деңгейдегі басшылар ұсталып, 23-і сотталғанын айтты. Орын алған қылмыстардың құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, білім мен жер қатынастары салалары бойынша көптеп кездескенін тілге тиек етті. Онымен күрес жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Талғар Серікбаев қоғамды жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан тазартатын басты қару – белсенді азаматтық ұстаным екенін баса айтты. Сондай-ақ ол, қоғамды осы жаһандық зұлымдықтан құтқару үшін сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидасын берік ұстану керектігін мәлімдеді.
Қазіргі таңда үшінші мегаполисті сыбайластықтың кез келген түрінен тазартуға «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің де жұмылғанын айта кеткен абзал. Аталған кеңсенің басшысы Ерасыл Төлебаев осы форумда сыбайлас жемқорлықты жою бағытындағы жұмыстың нәтижелері туралы баяндады.
Ұзын-ырғасы 600-ден астам қатысқан іс-шара барысында БАҚ өкілдері арасында «Үздік журналистік жұмыс» және «Үздік бейнеролик» номинациялары бойынша алдын ала жарияланған байқау жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, ЖОО мен колледж студенттері арасында өткен дебат, эссе, брейн-ринг байқауларының жеңімпаздары анықталды.
Сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенділік танытқаны үшін мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, мемлекеттік басқару академиясы филиалы және бизнес өкілдеріне Алғыс хаттар берілді.
Ж. АРМАНОВА.