ЕҢБЕКШІДЕ ӘЛЕУМЕТТІҢ ӨМІРІНЕ ӘР БЕРЕТІН НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

«Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағындағы балалар, спорт және жаттығу алаңшаларын абаттандыру мен күтіп ұстау» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында «STRONG SERVICE» ЖШС жүргізген 11 ашық спорт, 4 балалар ойын алаңшасы және 5 тренажер алаңшаларының құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар ел игілігіне берілді. 

Аталған нысандардың ашылуы Маятас, Тоғыс, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алабы тұрғындарын мәре-сәре күйге бөледі.
Нысандардың лентасын қиюға қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Өз кезегінде ол тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табатынын айтты. Және балалар уақытының қызықты өтуіне, өскелең ұрпақ пен тұрғындардың бұқаралық спортты серік етіп, шымыр болуларына ықпал беретін бұл нысандарды күтіп ұстауға шақырды. Сонымен қатар ол, Шымкенттегі шалғай аудандардың аумағын абаттандыру күн тәртібіне қойылғанын, бұл үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жандандыру қарқын алатынын жеткізді. Өз сөзінде қала әкімі «Біздің негізгі мақсат – бюджетке жүк салмай, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктер және жеке инвестициялар тарту арқылы қордаланған мәселелерімізді шешу. Міне, бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отырған спорт алаңшалары тұрғындардың сүйікті демалыс аймағы мен жастарымыздың шынығатын негізгі орнына айналатынына бек сенімдімін. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай»,- деді Ерлан Қуанышұлы.
Сондай-ақ ол «Биыл Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы аясында 1,2 млрд. теңгеге аулаларды абаттандыру жұмыстары басталды. Сөйтіп аудан бойынша 33 спорт алаңша, аулалар жөнделді. Тағы 17 балалар алаңшасы ашылды. Шымкенттегі әр ауданда осы сынды қарқынды жұмыстар жалғасын табуда. Қала халқының саны жыл сайын артуда. Бұл қуанышты жағдай. Өскелең ұрпағымыздың балалық дәурені ойын-күлкімен өте берсін. Дендері сау болып, үлкен азамат болсын», — деген жылы лебіз арнады.
Сөз соңында Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне берілген бұл нысандардың тұрғын алабтар бойынша орналасуын атап кетейік. Атап айтқанда, «Тоғыс» тұрғын алабындағы Мұнайбарлаушылар көшесіндегі 24 көпқабатты тұрғын үйлердің орталығына баскетбол, тренажер, воркаут, балалар ойын алаңшасы мен екі футбол алаңы орнатылды. Ал, «Маятас» тұрғын алабына да футбол, тренажер және балалар ойын алаңшасының лентасы қиылды. Бір футбол, баскетбол, тренажер және балалар ойын алаңшасы «Тоғыс» тұрғын алабындағы Шұғыла көшесіндегі Наурыз алаңына қойылды. «Елтай» тұрғын алабына да футбол, баскетбол алаңы пайдалануға берілді. «Жыланбұзғанда» футбол, баскетбол, тренажер мен балалар ойын алаңшасы іске қосылды. Мұндай қуанышқа «Айнатастағы» тұрғындар да кенелді. Онда бір футбол алаңшасы қойылды.

Ж. АРМАНОВА.