ПОРТАЛДЫҢ ПАЙДАСЫ КӨП
Газетіміздің өткен санында «Әлеуметтік портал әуре-сарсаңға салмайды» деген тақырыпта ақпарат берілген болатын. Онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың оңалтудың техникалық құралдарына қол жеткізу үшін табанынан тозбай, емен есікті қақпай үйде отырып-ақ тапсырыс бере алатындығы жазылған-тын. Бұл тетік келер жылдың 1-қаңтарынан бастап іске қосылатыны белгілі. Осыған байланысты назарларыңызға порталдың тиімділігі туралы тарқатылған мәліметті ұсынамыз.
Әлеуметтік портал мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар сынды оңалту техникалық құралдарымен тез әрі оңай қамтамасыз етеді. Портал арқылы тапсырыс беруге болатын әлеуметтік қызметтерге жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий-курорттық емдеу жолдамаларын алу жатады.
Қазіргі таңда оңалту техникалық құралдары мен жоғарыда аталған қызметтер тиісті азаматтарға мемлекеттік сатып алу арқылы ұсынылады. Және оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алу мерзімі мүгедектік белгіленген сәттен бастап 8 айға дейін жалғасады. Бұл созбалаңдық мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізудің ұзақтығына байланысты. Порталдың енгізілуі бұл мерзімді 1-2 аптаға дейін қысқартады.
Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтар қызмет көрсету мен медициналық бұйымдардың сапасының нашарлауына жиі шағымданады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін еліміздің барлық аумағында әлеуметтік порталды іске қосу жолға қойылып отыр. Бұл жүйе кемшілікті келмеске кетіріп, ашықтықты қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен қатар, портал арқылы мүгедектігі бар адамдар тауардың және қызметтің қажетті түрін өз бетінше таңдай алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл оңалту қызметтері мен құралдарының оларды алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу проблемаларын түпкілікті шешеді.
Жаңа жүйеде мүгедектігі бар азаматтардың тілектеріне сәйкес оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің белгіленген құнын өтеу тетігі көзделген. Бұл порталда қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау кезінде қосымша ақыны жүзеге асыру функциясы қол жетімді болатынын аңғартады.
Бұдан басқа, сертификатталған мамандардың неғұрлым кең ауқымы қолжетімді болады, ал медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірыңғай тізілімінде нысанның жарақтандырылуы мен жүктелуі ескерілетін болады.
Портал енгізу оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, өнім берушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді және әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту бойынша ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.
Ресурсты Қазақстанның барлық қалаларының тұрғындары пайдалана алады деп жоспарлануда. Ол 400 мыңнан астам пайдаланушы мен 200 мың өнім берушіні қамтиды.
Бүгінгі күні «Мобильдік азаматтар базасы», «Әлеуметтік тізілім», «Бірыңғай деректер қоймасы», «Қазпочта» АҚ, «Еңбек шарттарының бірыңғай жүйесі», «Жылжымалы мүлік тіркелімі» ақпараттық жүйелерін біріктіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік-еңбек саласында бірыңғай ақпараттық жүйесінің бөлігі және мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе болып табылады.
2019 жылдың 1-қарашасынан бастап портал пайдаланушылары үшін 1411 нөмірі бойынша call-орталығы жұмыс істеуде.
Бүгінде бұл портал Ақтөбе қаласында пилоттық режимде іске қосылып сәтті жүзеге асырылуда.
М. ӘБДІРАЙЫМ.