«ШЫМКЕНТ-КАШЕМИР» ӨНІМДЕРІ СҰРАНЫСҚА ИЕ

1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай еліміздің көптеген
өңірлерінде түрлі саладағы нысандар ашылып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар дәл осы айтулы мереке қарсаңында Елбасының ұйытқы болуымен және зор қолдауымен ел игілігіне берілген біраз кәсіпорындардың жұмыстары сараланып, жалпақ жұрт ондағы жұмыстардан хабардар болды.
Соның бірі «Шымкент-Кашемир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2011 жылы тікелей телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан кәсіпорын көпшіліктің сұранысына ие кашемирден жасалынатын өнімдерді нарыққа шығарып келеді. Қой мен түйе жүнінің түбітінен жасалынатын өнімді өндіру ісі еліміз бойынша тек Шымкенттегі «Шымкент-Кашемир» кәсіпорнында жүзеге асады. Өндіріс орны жылына 400 тоннадан астам түбіт өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын директоры Шағанбек Қанжарбайұлы Қазақстан бойынша тың тірлікті қолға алып, оны ілгері бастыру алғашында оңай болмағанын айтады. Өз кезегінде ол зауыттың алғашқы жұмыстары жүн тарау, түбіт өндіруден басталғанын, бұл үшін арнайы құрылғылар Қытай елінен әкелінгенін айтты. Шикізат тапшылығының болмауы бастаған істің жалғасы баянды болуына мол мүмкіндік бергенін де тілге тиек етті.
Кәсіпорын иесі алдағы уақытта жұмыс ауқымы екі есегі ұлғаятынын мәлімдеуде. Бұл ондағы өнімдерге деген тапсырыстың артып жатқандығын аңғартады.

М. ӘБДІРАЙЫМ.