АХАТ БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫСЫ АУҚЫМДЫ

Шымкентте ағымдағы жылдың 11 айында 57 563 азаматтық хал актісі тіркелген. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде тіркелген хал актілер саны 53 061 ді құраған.

Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев мәлімдеді.
Қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралаған ол басқарманың АХАТ бөліміне қарасты мемлекеттік қызметтердің барлық түріне өтінімдер ХҚКО-да электронды үкіметтің веб-порталы арқылы қабылданатынын айтты.
АХАТ бөлімі мемлекеттік тіркеудің 10 түрі бойынша азаматтарға қызмет көрсетеді. Олар бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, неке қиюды тіркеу, неке бұзуды тіркеу, әке болуды анықтау, ұл бала немесе қыз баланы асырап алуды тіркеу, қайтыс болуды тіркеу, акт жазбаларын қалпына келтіру, акт жазбаларын жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар беру және тегін, атын, әкесінің атын өзгерту болып табылатыны жадыңызда жүрсін.
Есепті мерзім ішінде АХАТ бөліміне заң органдарының сауалдары, ХҚКО арқылы куәліктерді қайталама беру, азаматтық хал актілеріне жазылған анықтамалар, акт жазбаларына түзету енгізу жөніндегі хабарламалар, акт жазбалар көшірмесін беру, түзету, толықтыру, өзгерту туралы күрделі істер, ұлттық тарихи дәстүрге байланысты арыздар бойынша 15 877 хат келіп түскен.

М. ӘБДІРАЙЫМ.