Тұрғындарға қосымшаны меңгеру түсіндірілді

Бүгінде біраз қызметтерді мобильді қосымша арқылы әп-сәтте тындыру мүмкіндігі жолға қойылғаны белгілі. Мұндай тиімділік мемлекеттік қызмет түрлеріне де қатысты. «eGov mobile» мобильді қосымшасы соның жарқын мысалы. Өкінішке орай ауылды жерлердегі тұрғындар бұл қосымшаны тиімді пайдаланудың тетіктерін толық біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осыған орай ұйымдастырылған «Ашық мемлекет» атты жиында сала мамандары
«eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы қажетті қызметтің 28 түрін ешқайда сабылмай-ақ үйде отырып алуға болатынын айтты. Сонымен қатар қосымшаны меңгеру тұрғындардың уақытын үнемдеп қана қоймай, сыбайластықты алдын алатындығы да шегеленді. Сондай-ақ мамандар «eGov mobile» электрондық үкіметтің мобильді қосымшасын жүктеу Play Market, AppStore-да қолжетімді екенін ескертті.
Ордабасы ауданы ХҚКО мамандары мұндай шараларды жергілікті әкімдікпен келісе отырып тағы 10 ауылдың тұрғындары арасында өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Ж. АРМАНОВА.