ҚАСҚАСУДА КЕРЕМЕТ КЕШЕН АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінде Жамалбек Қозыбақов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңадан бой көтерген нысанда жергілікті тұрғындардың бокс, еркін күрес, грек-рим, шахмат және дойбы сынды спорт түрлерін серік етуіне жағдай жасалған. Кешендегі футбол алаңшасы аумақтағы бұқаралық спорттың дамуына серпін бермек. Заман талабына сай жарақтандырылған нысан жеке кәсіпкер, педагогика ғылымдарының докторы Момбек Қозыбақовтың демеушілігімен салынды.
Нысанның ашылу рәсімі мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Амалбек Тшанов пен аудан әкімі Бауыржан Омарбековтың қатысуымен салтанатты жағдайда өтті. Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков «Бұл нысан ауданда бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беріп, онда талай дарынды шәкірттер мен дарабоз тарландар түлеп ұшып, егеменді еліміздің абыройын асырып, жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды желбіретеді» деп жылы лебіз айтты.
Момбек Қозыбақов Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ашылған нысанның кілтін аудандық спорт мектебіне салтанатты түрде табыс етті.

Ж. АРМАНОВА.