ОРТАЛЫҚ ОҢ БАҒЫТҚА БҰРАДЫ

Төлеби ауданында алғаш рет «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері» орталығы ашылды. Өз кезегінде бұл орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды азамат болып қалыптасуына жол ашу бағытында жұмыс істейді. Онда ерекше балалар мен олардың отбасы үшін дефектолог, психолог, логопед, физиотерапевт, массажист, тифлопедагог сияқты мамандар тегін көмек береді. Мекеме заманауи үлгідегі арнайы құрылғылармен толық жабдықталған.
Түркістан облысы әкімдігінің, «Дара» қайырымдылық қоры мен «Байсат» ЖШС-нің қолдауымен бой көтерген «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері» орталығының ашылуына облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов арнайы қатысты. Ол «Әр бала әртүрлі қабілетімен ерекшеленеді. Олардың әрбірінде өзіндік дарын бар. Осы орайда баланың дарындалығын ары қарай дамыту үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Дарынды балалармен жұмыс істейтін ұстаздар олардың жанын түсіне білгенде ғана нәтиже болады. Оқушының өзіндік табиғи қасиеттері мен қабілеттерін дамытып, оқыту үлкен жұмыс. Мұндай орталықтар Түркістан қаласы мен Келес ауданында бар. Алдағы уақытта ерекше балалармен жұмыс істейтін осындай орталықтарды көптеп ашу жоспарда бар»,-деді.
Қазіргі таңда Төлеби ауданында ерекше оқытуды қажет ететін 1130 бала бар.

Ж. АРМАНОВА.