САПАСЫЗ ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНІҢ ШАТАҒЫ КӨП

Қазіргі таңда энергетика саласында түйіткіл көп. Айталық елімізде электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Қазақстан Республикасы Энергетика министрі таратқан мәлімдемеге сәйкес Шығыс Қазақстан облысында электр желілерінің 81 пайызы жаңартуды қажет етеді.

Батыс Қазақстан облысындағы жағдай да мәз емес. Аталған аймақта электр желілерінің 80 пайызы ауыстыруды сұранып тұр. Ал Қостанай облысындағы жарық желілерінің 74 пайызы ескірген. Өз кезегінде мамандар бұл мәселеге басымдық берілмесе еліміздегі бірнеше өңір кез келген уақытта жарықсыз қалуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Расымен де тозығы жеткен электр желілерін жаңартпаса одан келер қауіптің көп болары баршаға аян. Аталған проблема Түркістан облысындағы кейбір аудан, қалаларға да тән нәрсе. Осыған орай биыл бюджеттен бөлінген қаржы есебінен бірқатар аумақтарда электр жүйелерін жаңарту жұмыстары қолға алынған-тын.
Биыл Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінің тұрғындары сапалы жарыққа қол жеткізді. Үш мыңға жуық абоненттің сапалы электрді тұтынуы үшін облыстық бюджет есебінен 799 млн. теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 32 трансформатор жаңадан қойылған. Орындалған бұл жұмыс елді мекендегі 30 мыңға жуық халық үшін көзайым жаңалық болды.
Мұндай қуанышқа келер жылы мақтааралдық тұрғындарда кенелетін болады. «Оңтүстік жарық» ЖШС Мақтаарал аудандық электр жүйесінің бөлім басшысы Жантөре Арыстанұлы 2020 жылы аудандағы төрт ауылда трансформатор жаңасына ауысатынын хабарлады.

Ж. АРМАНОВА.