КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСПЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ
Ағымдағы жылдың 1-қарашасындағы жағдай бойынша Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141606-ны құраған.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға артық. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санында шаруа немесе фермер қожалықтарының үлесі 50,2, дара кәсіпкерлер 44, шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 5,8 пайызды құрайды.
2019 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңдерімен салыстырғанда 35,2%-ға көбейген.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша табысты көрсеткіштердің көлемін одан әрі көтеру үшін төлемдерді бақылау-кассалық машиналары арқылы қабылдауды жандандыру қажет. Өз кезегінде бұл аталған саладағы көлеңкелі бизнестің болмауына жол ашады.
Осы мақсатта «Бизнесті көлеңкеден шығару, шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемін ұлғайту» тақырыбында жиын өтті. Оған
Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер, Статистика, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері, Түркістан облысының кәсіпкерлік палатасы, «Қазақстан Халық Банкі», «Қазақтелеком», «Қазпочта» акционерлік қоғамдарының облыстық филиалдарының басшылары қатысты. Жиында кәсіпкерлер тарапынан бизнесті көлеңкеден шығару, шағын және орта бизнестің өнім көлемін ұлғайту үшін бақылау-кассалық машиналарын орнату керектігі айтылды. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау төлем аппараттарын орнату мәселесі қозғалып, электронды сауда бойынша азаматтарды оқыту мен жарнамалау мәселесі қарастырылды.
Сонымен қатар тараптар алдағы уақытта кәсіпкерлер арасында бақылау-кассалық машиналарын орнату қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары қарқын алатыны айтылды.
Ж. АРМАНОВА.