ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ ҚОЙЫЛДЫ
Түркістан облысы бюджет шығындарын мейлінше азайту мақсатында
қолға алынған мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып жатқан
жобалар бойынша еліміз бойынша көш бастап келеді.
Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілі аппарат мәжілісінде мәлімдеді. Аталған басқарма өкілі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру үшін табиғи газ нысандарын сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан қаласында тұрғын үй салу, жекеменшік әріптес анықталмаған жобалардың есептеулерін қайта қарау, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен ішкі көшелерді серіктестікке сеніп тапсыру, елді мекендердегі санитарлық-тазалау жұмыстарын сервистік қызметке беру қажеттілігін айтты.
Аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында құрылыс саласы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау, Түркістан қаласының дамуы мен экологиялық мәселесі сөз етілді.
Өз кезегінде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін тиімді әрі белсенді қолдануда әлеуметтік маңызы бар салаларға басымдық беру қажеттігін, бұл үшін инвесторларға қолайлы ұсыныс жасауды талап етті.
Жиналыста Түркістан қаласын дамытып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының барысы талқыланды. Бүгінде қаланы көгалдандыру, абаттандыру, орталық көшелерді көріктендіру, күл-қоқыстан арылтып, ауыз су, газбен толық қамтамасыз ету, жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Арыс тәжірибесін негізге ала отырып, 32 секторға бөлінген Түркістан қаласын көркейту жұмыстары өңір басшысының қатаң бақылауында.
Сондай-ақ мәжілісте облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыру мәселесі талқыланды. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылып, оларды алдағы жылдың 1-шілдесіне дейін толық жөндеуден өткізу сөз етілді.
Бұдан бөлек отырыста жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1200 пәтерлі 20 тұрғын үй пайдалануға берілетіні туралы ақжолтай ақпарат айтылды. Пәтер кілттері мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. Қазіргі таңда арендалық 11 үйдің қабылдау актісі жүргізіліп, олар үй кезегінде тұрған азаматтарға заң талаптарына сәйкес үйлестірілуде екен.
Осы және өзге де мәселелер сөз етілген бұл жиналыс Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында жүргізілді.
Ж. АРМАНОВА.