КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРТЫЛҒАН СЕНІМ МОЛ

Шымкент қаласын дамытуда шағын және орта бизнес өкілдерінің қосып жатқан үлесі зор. Жергілікті
билік алдағы уақытта да олардың бастамаларына қолдау білдіруде аянып қалмайды.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қалалық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен және жергілікті инвесторлармен кездесу кезінде осылай деді.
Әкімдік мәжілісінде емес, еркін форматта дастархан басында өткен басқосуда қала әкімі кәсіпкерлерге атқарушы орган тарапынан дайындалған тұрғын үй құрылысы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, өндіріс салаларын дамыту мақсатында жаңа жобаларды таныстырып, бизнес өкілдерін мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында оны жүзеге асыруға шақырды.
Сонымен қатар ол, 306 гектар аумаққа жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жылыжай кешенін дамыту мақсатында қаланың әуежай маңынан 136 гектар аумаққа агро-индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, бұл кәсіпкерлер үшін кәсібін дамытуға жаңа мүмкіндік екенін айта келе: «Барлық дамыған мемлекеттердегідей шағын және орта бизнесті қаланың локомотивіне айналдыруымыз қажет. Ол үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, өздеріңізді аталған жобаларға атсалысуға шақырамын. Бұл жобалар қаланың әлеуметтік мәселесін шешіп қана қоймай, экономикалық тұрақтылықты сақтауға, инвестиция көлемін арттыруға зор үлесін қосатын болады», — деді.
Қазіргі таңда Шымкентте 500-ден аса ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары, 68 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді.

С. НҰРАЙ.