САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯҒА СЕРПІН КЕРЕК
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкентте біраз жобалар қолға алынды. Мәселен, қалада қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкентте біраз жобалар қолға алынды. Мәселен, қалада қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелі ең жоғары білім, денсаулық сақтау және сәулет, қала құрылысы салаларының қызметтері автоматтандырылған. Бұдан бөлек, ата-аналардың балабақшаның, мектептің қазіргі жағдайын ақпараттық жүйеден көре алу және электронды түрде өтініш жолдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, кез келген тұрғын дәрігердің жұмыс кестесін ақпараттық жүйе арқылы көріп, оның бос уақытына сәйкес алдын ала жазылуына болады. Шымкент қаласында бұл жүйе қазіргі таңда толық жұмыс жасауда.
Бұл туралы Шымкент қаласындағы Rixos Khadisha Shymkent қонақ үйінде еліміздің үшінші мегаполисін цифрландыру бойынша «Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар және «SMART SHYMKENT ДАМУ стратегиясы» тақырыбында өткен форумда айтылды.
Форумға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А. Оспанов, Шымкент қаласының әкімі
Е. Айтаханов пен қазақстандық IT-қауымдастық өкілдері, Түркістан облысы мен қалалық жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ЖОО-ның басшылары қатысты.
«Smart Shymkent даму» форумында Қытай, Германия, Белоруссия мен Эстония елдерінен келген спикерлер IT-технология саласында өз ойларымен бөлісті. Өз кезегінде олар саланы дамыту бағытында Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстармен хабардар болып, озық технологиялардың бұдан басқа да жетістіктерін мемлекеттік органдар жүйесіне, көрсетілетін қызметтер саласына ендірудің жолдары мен тәртібін талқылады.
С. НҰРАЙ.