ДӘРІГЕРЛЕР ДЕНДЕГЕН ДЕРТКЕ ДАУА ТАПТЫ

Шымкенттік дәрігерлер дертке дауа табатын мамандар екенін тағы да дәлелдеді. Қалалық кардиологиялық орталық дәрігерлері 35 жастағы келіншектің жүрегіне ашық ота жасаған.

Сайрамдық келіншек бұған дейін денсаулығының сыр бермегенін, барлығы аяқ астынан болғанын алға тартады. Элмира Атабаева есімді науқас, жүктілігінің 39-аптасында кеуде тұсы бірден ауырсынып, қысылғанын, содан соң жергілікті дәрігерлер оны кардиологтардан кеңес алуға нұсқағанын қорқынышпен еске алады.
Сол сәтте оның кеуде тұсы қысылып қана қоймай, қан қысымы да да көтерілген. Мамандар оны дереу перзентханаға жеткізген. Ақ халаттылар ішіндегі сәбиін кесар тілігі арқылы аман есен босандырып алған.
Кардиологтар Эльмираға «Қолқа аневризмасы» диагнозын қояды. Бұл кардиохирургияда өте сирек кездесетін сырқат. Оны анықтап, болжау да өте қиын көрінеді. Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев әдетте қолқа тамырлары жыртылған науқастардың тең жартысы жедел жәрдем қызметі келгенге дейін мерт болатынын, тіпті отаға жетпей жатып жан тәсілім болу жағдайлары да жиі кездесетінін айтты. Және де ол қан қысымы жоғары науқастарға ем-дом шараларын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Шымкенттегі кардиологиялық орталық мамандары жыл басынан бері қолқа тамырлары жыртылған 7 науқасқа ота жасаған.

С. НҰРАЙ.