ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНІҢ ЖОЛЫ ОҢАЙ КЕСІЛМЕЙДІ

Шымкентте жыл басынан бері 10314 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13
пайызға төмендеген. Орын алған қылмыстардың ашылу көрсеткіші де былтырмен салыстырғанда жақсарған.

Анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша бүгінгі таңда 1 млрд. 534 млн. теңгеге айыппұл салынған. Оның 785 млн. 778 мың теңгесі өндірілген. Тағы бір айтып өтетін жәйт есірткі бизнесіне қатысты қылмыс саны 299-дан 243-ке, яғни, 18 пайызға төмендеген.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов хабарлады. Үшінші мегаполистің бас полицейі кейбір жағдайларда департамент қызметкерлерінің өз жұмыстарына үлгере алмай жататынын, бірақ, бірде-бір арыз-шағым ескерусіз қалмайтынын айта келе, «Полиция үшін ең қымбаты — халықтың сенімі, олардың алғысы. Қала көшелеріндегі жол белгілерін әлі де жетілдіру қажет. Бұл мәселені Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген мамандармен шешуге кірісіп кеттік. Негізінен, бізге біршама қиындық тудыратыны — есірткі бизнесі. Аталған қылмыстың алдын алу, жолын кесу табанды еңбекті талап етеді», — деді.
Жалпы жыл басынан бері Шымкентте тіркелген аса ауыр қылмыстардың саны 49-дан 27-ге,яғни, 45 пайызға, адам өлтіру дерегі 20-дан 11-ге (45%), денеге ауыр дәрежеде жарақат салу ісі 54-тен 36-ға (33%), қарақшылық 19-дан 16-ға (16%), тонау 379-дан 258-ге (32%), бұзақылық 418-ден 360-қа (14%), ұрлық 7168-ден 6177-ге (14%), бопсалау 21-ден 14-ке немесе 33 пайызға азайған. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған қылмыстар саны да өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Бірақ биыл тіркелген қылмыстардың саны азайғанмен отбасы тұрмысында жасалған қылмыстар 141%-ға көбейген. Сотты болғандардың да қайтадан қылмысқа бару көрсеткіші 692-ден 827-ге өскен. Ащы суды ұрттап алып заңды белден басқандардың да қатары 18 пайызға артқан.
Осылай деген қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 137-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға азайғанын айтты.

С. НҰРАЙ.