134 БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛҒАН
Ағымдағы жылдың алты айында 25 білім беру мекемесінде профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 166 заң бұзушылық анықталған. Олардың 70-тен астамы заң бұзушылықтың өрескел түріне жатқызылған. Бұл туралы қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, анықталған заң бұзушылықтардың басым көпшілігі басшылық тарапынан орын алатынын айтты.
Оқушылардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне білім беру саласында заңмен белгіленген міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409 бабы 2-бөлігіне сәйкес 200-ден астам хаттама толтырылды. Бұдан бөлек әкімшілік құқық бұзушылықты қайталаған 117 ата-анаға департамент тарапынан хаттама толтырылып, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына әкімшілік шара көру үшін жолданған.
Осы деректерді баян еткен Жанат Арысбекқызы білім беру мекемелеріне орамал тағып баратыны анықталған 334 оқушының 197-сі орамалын шешкенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, департамент басшысы қала бойынша 134 білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңесі құрылғанын айтты. Өз кезегінде қамқоршылық кеңес отбасында жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек жасау жұмыстарын көрсетуге ұйытқылық жасайтынын айта кетейік.
С. НҰРАЙ.