50 КОНКУРСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛҒАН

Шымкентте ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап бүгінге дейін 52 электрондық мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Жарияланған конкурстардың жалпы құны 20 млрд. 34 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда олардың 50-нің жеңімпаздары анықталса, қалған біреуіне мемлекеттік сатып алу қайта жарияланса, келесі бірі өтінімдер қабылдау сатысында тұр.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Балмейір Сансызбайұлы мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек былтыр желтоқсан айында ҚР «Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері» туралы Заңына қол қойылған болатын. Сол кезде сарапшылар бұл заңды сатып алу процедураларының тым ұзақ мерзімде өткізілуі, сатып алуға қатысушылардың біліктілігінің төмендігі және үнемі бір көзден сатып алу үлесінің көптігі сынды проблемалардың алдын алып, оны болддырмауға сеп болатынын алға тартқан. Өз кезегінде басқарма басшысы Балмейір Сансызбайұлы 2019 жылдың мамыр айынан басталған 52 сатып алу конкурстары аталған заң талаптарына сәйкес жүргізілгенін айта келе, «жеңімпаздары анықталған 50 конкурстың жалпы сомасы 15 млрд. 56 млн. теңге. Аталған мемлекеттік сатып алулар бойынша 677 млн. теңге үнемделген. Бұл жалпы қаржының 4,5 пайызын құрайды», — деді.
Сонымен қатар ол, жарияланған мемлекеттік сатып алулардың басым көпшілігі, дәлірегі, 30 конкурс жаңа құрылыстар салу, нысанды күрделі жөндеуден өткізу, қайта жаңғырту және жобалық-сметалық жұмыстар болып табылатынын хабардар етті. Ал 21 конкурс көрсетілетін қызметтер бойынша болса, тек бір конкурс тауарлар бойынша өткізілмек. Оның өзі 600 лоттан тұрады екен.
Есетеріңізге сала кетсек, қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы биыл сәуір айында құрылған.

С. НҰРАЙ.