САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫННАН ҚОРҒАЙДЫ
Жылу беру маусымы да келіп жетті. Тұрғындар қыс мезгілінде
дірдек қағып отырмас үшін баспаналарын өз мүмкіндіктері бойынша жылы ұстауға тырысатыны сөзсіз.
Бірақ кейбір азаматтардың пештер мен жылыту құрылғыларын тиісті ережелерге сай қолданбауы салдарынан өкінішті жағдайлар орын алып жататыны жасырын емес.
Сондай келеңсіз жағдайларды алдын алу үшін бүгінде Түркістан облысының қала және аудандарында 384-адамнан тұратын 78 жұмысшы топ құрылды. Құрамына төтенше жағдайлар, полиция, газ шаруашылығы, энергия қызметтерінің өкілдері енгізілген жұмысшы топтар жеке тұрғын үйлерді тексеріп, қауіпсіздік ережелерін бұзушыларды анықтап, жылыту жабдығындағы ақауларды жою бойынша жедел шаралар қабылдаумен шұғылданады.
Бұл туралы Түркістандағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Н. Жүнісов мәлімдеді. Өз кезегінде ол аудан, қалалардағы жұмысшы топ бүгінге дейін 6315 үйді аралап, 25 247 адамға түсіндіру жұмыстарын өткізгенін, бұл шараға 86 ерікті студенттер жұмылдырылып, 2652 үйдің пеш қондырғысы жөнделіп, 3015 үйдің электр жүйелері ретке келтірілгенін айтты.
Сонымен қатар, департамент басшысы облыс тұрғындарына қарата алдағы жылыту маусымы кезінде сақтық шараларына назардан шығармауды баса айтты.
С. НҰРАЙ.