ЖИЫРМАСЫНШЫ ЖЫЛЫ 200 ТЕҢГЕЛІК ТИЫНМЕН ТӨЛЕМ ЖҮРГІЗЕМІЗ

200 теңгелік банкноттардың басым көпшілігінің тозғаны анық. Оны күнделікті өмірде қолма қол ақша айналымы кезінде анық байқаймыз. Біраз жерлерде, әсіресе, қоғамдық көліктерде жолаушылар немесе кондукторлар 200 теңгелік ақшаны тозғанын алға тартып, оны қабылдаудан бас тартып жатады. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар күрт азаймақ. Себебі, 2020 жылы номиналы 200 теңгелік монеталар айналымға түседі.

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі мәлімдейді.
Тәжірибе көрсеткендей төмен номиналды банкноттар 1,-1,5 жыл ішінде тозатын болса, ал жоғары номиналды ақшалар мен монеталардың қолданылу уақыты 10-15 жылды қамтиды. Ұлттық Банк қолма қол ақша айналымын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу уақытын ұзарту үшін номиналы 200 теңгелік тиынды шығару туралы шешім қабылдаған. Мамандар номиналы 200 теңгелік тиындардың айналысқа шығарудың жоспарланып отырған көлемі айналыстағы монеталардың жалпы сомасының 26%-ын құрайтынын мәлімдеп отыр.
Дей тұрғанмен бұл номиналы 200 теңгелік банкноттар айналыстан шығады деген сөз емес. Еліміздің Ұлттық Банкі номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалатынын, және оның төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануы міндетті екенін баса айтуда. Ведомства номиналы 200 теңгелік банкнот табиғи тозуына қарай айналымнан алынатынын мәлімдеді.