«Түрме ешкімді тәрбиелемейді»

Ислам ӘБІШЕВ:

Республикалық «Қазақ үні» газетінің осы жылдың 14-қазандағы №38-39 санының 6-бетінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің үндеуі жарияланған. Үндеу «Түрмедегі адам санын он есеге азайтуға болады!» деген тақырыппен берілген.

Ондағы мәтінге көз жүгірте кетсеңіз Ислам Әлмаханұлының жан-жақтылығына, тың ойдың кені екеніне тағы да көз жеткізесіз. Ислам Әбішевтің түрмеде жазасын өтеп жатқандардың санын азайтудың тәсілі туралы алтыншы үндеуінің қысқаша мазмұны қандай? Үндеуінің алғашқы жолдарын Ислам Әбішев «Түрмеге қамаудың мақсаты, сотталған адамды тек қоғамнан оқшаулау ғана емес, болашақта қандай да бір қылмыс жасамауы үшін одан әрі тәрбиелеу. Түрме ешкімді тәрбиелемейді (сөздің жақсы мағынасында). Көп жағдайда теріс тәрбиелейді, бұл күмән тудырмайды» деген сөздермен бастаған. Хат иесінің бұлайша сенімді түрде пікір білдіруіне қазіргі таңда қылмыс жасаған көптеген азаматтардың соттылығы бар екені туралы деректердің жиі тіркелуі арқау болып отырғаны айдан анық.
Ары қарай газетке шыққан мәтінді тұтас алып бермей, оның мазмұнын сол кісінің атынан өз сөзімізбен жалғастырсақ…
– Мына қапаста бір адамды ұстау шығыны бір күнге 4 мың теңгені құрайды. Олар шамамен 3 ай уақыт отырады. Сонда мұндағы бір адамның үш ай уақыттағы бабы үшін бюджеттен 360 мың теңге қаржы жұмсалады. Тергеу изоляторында отырған 4 ай ішінде 4-6 адам отыратын 10 камерада болып, жалпы 50-ден астам күдіктімен бірге күн өткіздім. Сол азаматтардың тек біреуі ғана кісі өлтіргені үшін, бір адам әйел зорлағаны үшін және өзім сыбайлас жемқорлық бойынша тар қапасқа қамалып отырмыз. Қалғанының барлығы адамдарды 15-150 мың теңге аралығында сан соқтырып кеткен ұсақ ұрлық, алаяқтық, ұсақ қарақшылық жасағандар. Яғни, адам өміріне қауіп төндірмейтін ұсақ қылмыстарға барғандар. Олардың басым көпшілігі тепсе темір үзетін 30-35 жас аралығындағы азаматтар. Араларында шебер тас қалаушы, дәнекерлеуші, электрик, монтажшы сынды қазіргі қоғамда сұранысқа көп ие маман иелері көп. Егер оларға үкім кесілсе, жазаларын өтеу мерзімі 25 жылға дейін жалғасады. Осы ретте істі тергейтін тергеушілердің басты мақсаты қылмысты ашу, күдіктінің кінәсін дәлелдеу. Ол кісілер тергеуде жатқан азаматтың шығынына жауапты емес.
Енді мәселенің екінші жағынан қарастырсақ. Елімізде 14 облыс орталығы мен 3 республикалық маңызы бар қалаларда 14 тергеу изоляторы (ТИЗО) бар. Олардың әрқайсысында 600-700 адам отырғанын ескерсек, ондағы азаматтардың саны 11000-ға жетеді. Олардың әрбірін түрмеде ұстау үшін кемінде 4 мың теңге жұмсалады. Төрт мыңды 11 мыңға көбейткенде, шоттың тасы 44 млн. теңгені көрсетеді. Бұл қаржыны жылдың он екі айындағы 365 күнге көбейтсек 16,1 млрд. теңге шығады. Бұл шығындарды азайту мемлекет үшін өте тиімді. Бұл үшін ең алдымен тергеушілерге тек қылмысты ашу ғана емес, мемлекетке залал келтірмеу міндетін жүктеген дұрыс сияқты. Яғни, күдіктіні күзетпен ұстамай-ақ қандай да бір бұлтартпау шараларын таңдағаны дұрыс. Бір айта кетерлігі бұл ұсыныс кісі өлтірушілер, террористер мен зорлаушыларға қатысы жоқ.
Өз кезегінде Ислам Әбішев қисынды деректер негізінде осындай мазмұнмен жеткізген бұл үндеуінде Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде тек аса ауыр қылмыстар жасаған азаматтар ғана ұсталып, қалғандарын түрмеден шығару керек екенін, бірақ оларды бостандыққа алаңсыз жіберіп қоймай, қайда жүргенін нақты анықтайтын электрондық білезік кигізіп, бақылауда ұстау туралы ұсыныс тастапты.
Экс-төраға үндеуін қорыта келе «Бұл менің өз ұсыныстарым және бәрі дұрыс деп те айта алмаймын. Бірақ, бұл мәселелерді құзыретті мамандармен бірге талқылауға, өз ұсыныстарымның жақсы жақтарын дәлелдеуге дайынмын» деп тұжырған екен.
Соңғы кездері қоғам белсенділері немесе өзге де азаматтардан тіршіліктің сан саласына қатысты ұсыныстар айтылып жатса, билік тарапынан нақты істен гөрі үнсіздік көп байқалатыны шындық. Сондықтан да Ислам Әбішевтің бұл базынасын биліктегілердің қалай қабылдайтынын болжау да қиын.
Айтпақшы осы үндеуінде Ислам Әбішев «Басқа қамтылмаған мәселелер бойынша да ұсынысым аз емес, бірақ олар жайлы әңгімені келесі жолға қалдырайық» деп атап өткен екен. Бұдан оның көкейінде кептелген мәселелер осыменен түгесілмегені аңғарылады.

Қ. ҚАЛИЕВ.