Жолдау — жүйелі жұмыстың басты бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауы жұрт көңілін алаңдатқан талай мәселелерді қамту арқылы, көптің көңілінен шықты. Бес негізгі мәселені қамтыған Президент Жолдауы алдағы күндері қазақстандықтардың өміріне оң өзгеріс әкелетініне сенім зор.
Ел Президенті өз Жолдауында Қазақстанда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген ұғым өз мағынасына толық сай болу қажеттігін қадап айта отырып, оған апарар негізгі жолдарды нақты көрсетті.
Соның бірі мемлекет басшысының «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деген сөзі. Өз кезегінде Жолдау жүктеген бұл міндет кейінгі кездері бірқатар аумақтарда билік пен бұқара арасындағы алшақтаған байланысты нығайтып, жергілікті жердегі мәслихаттың халық алдындағы жауапкершілігін күшейте түспек.
2019 жылдың 6 айында еліміз бойынша барлығы 142 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапқа тартылған. Арнайы орган таратқан осы ақпаратта бұл санаттағы қызметкерлер атқарушылық тәртіпті, этика нормаларын бұзу, мемлекеттік қызметке дақ түсіргені үшін жауапқа тартылғаны айтылады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Десе де, мұндай олқылықтың орын алуына мүлдем жол бермей, мінсіз еңбек үлгісін көрсету биліктің алға қойған негізгі мақсаттарының бірі болуы тиіс. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлының «Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз» деп ой түйеді. Саннан гөрі сапаға мән берсек, аларымыз азаймайды, керісінше асығымыз алшысынан түсетінін ескерген абзал. Оның үстіне Қазақстан мемлекеттік қызметкерлердің саны жөнінен әлем бойынша алғашқы ондыққа кіретінін ескеру арқылы, бұл шараның дұрыс қадам екеніне анық көз жеткізуге болады.
Жолдауда үкіметтік емес ұйымдардың беделін көтеру мәселесінің де айтылуы қоғам мен билік арасындағы диалогтың да өз деңгейінде болуына жол ашады.
Елімізде жыл сайын зорлық-зомбылық қылмысының алаңдарлық ахуалды қалыптастырып жатқаны жасырын емес. Осыдан біршама уақыт бұрын бірқатар қоғам белсенділері бұл қылмысқа барғандарға көп жағдайда заң жұмсақтық танытып жататынын нақты дәйектермен келтіре отырып, жазаны қатаңдату туралы Парламентке онлайн өтініш жасаған. Оған негіз де жоқ емес, себебі, қаңтар-шілде айының аралығында елімізде ҚР Қылмыстық Кодексінің Зорлау бабы бойынша 647 қылмыс тіркелген. Қоғам белсенділерінің бұл дабылы Президент назарынан тыс қалмады. Ол өз Жолдауында «Жыныстық зорлық- зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын» деп, түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға пәрмен берді.
Жалпы Жолдауда алға қойылған жоспарлардың барлығы халық көңілін күпті еткен бірнеше өзекті мәселелердің өзегін тарқатуға негіз салған қуатты құжат болып тұр.
Өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың тоғысқан жерлерін анықтап, оны жою бағытындағы жұмыстарды жандандыруды қадап айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым халық күнделікті күйбең тірлікте бетпе бет келетін мәселелер де әрдайым бақылауда болу қажеттігін атап өтті. Олар монополиялық компаниялар көрсететін қызметтер сапасының талапқа сай болуы мен тариф бағаларының күрт көтерілмеуі болып табылады.
Жасыратыны жоқ, көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қатысуда нар тәуекелге бел буа бермейді. Бұған жергілікті жердегі үгіт-насихат жұмыстарының өз деңгейінде болмауы себеп болып жатуы да ғажап емес. Дей тұрғанмен, осы мәселедегі ең басты себепті мемлекет басшысы «қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр» деп атап өтуі тегін емес. Президент тарапынан айтылған бұл сын-ескертпе жергілікті жердегі әкімдіктің жұмысын ширатып, ұйымдастыру бағытындағы шаруаларының талапқа сай болуына жол ашады деп сенім артамыз.
Жолдауда айтылған отбасы бизнесін құруға ең алдымен көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән беру керектігі туралы бастама көтерілді. Бұл Шымкенттегі 31 мың көп балалы анаға баянды болашаққа деген жылы үміт сыйлағаны сөзсіз. Сонымен қатар, жұмысы бірізге түскен азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылатыны жұртқа жаққан ең басты жаңалықтардың бірі болды. Мұның өзі Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 37 мыңнан астам адамның көпшілігіне зор көмек болар бастама екені анық.
Мемлекет басшысының халық асыға күткен Жолдауында жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесін айналып өтпегені де оның проблемаларды шешуде батыл қадам жасай алатын көшбасшылық қасиетінің зор екенін айқын аңғартты. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпар тұяғы тозатын ұлан-байтақ жеріміздің ұлтарақтай бөлігі де шетелдіктерге сатылмайтынын және жерді мақсатты түрде игермей, оны босқа ұстап отырған «латифундистерден» ен байлығымызды қайтарып алатын уақыттың келгенін нақты әрі нығарлап айтуы қазақстандықтардың көңілін тоғайтты. Игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтаруды жүзеге асыру елімізде азық-түлік өнімі бойынша ең басты проблемаға айналып отырған ет өндірісінің өркен жаюына жол ашпақ. Жолдауда айтылғандай қазіргі таңда құны күн санап қымбаттап жатқан ет өнімі өндірісінің кең құлаш жаюына қолбайлау болып отырған жәйт – аналық мал басының проблемасында емес, шаруа қожалықтарына жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Осының салдарынан елімізде төрт түлікті жем шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан төмен көрсеткішке келіп жеткен.
Білім және денсаулық саласында да көптеген оң өзгерістің орын алуына ықпал ететін бастамалар айтылған Президент Жолдауында әлеуметтік көмек көрсету жүйесі одан әрі жетілдіріле түсетіні де тілге тиек етілді. Дегенмен де, мемлекет басшысы әлеуметтік көмек алу үшін өзінің табысын жасырып бағатындардың ісі белең алғанын ашып айтты. Қаперге алатын осы және өзге де мәселелерді реттеуге ықпал танытып, үлес қосу бізге, яғни, мәслихат депутаттарына зор жауапкершілік жүктейді.

Төреайым СҰЛТАНОВА,
Шымкент қалалық
мәслихатының депутаты.