Қарасу арнасы күл-қоқыстан тазартылды
Шымкент қаласын сумен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-інің бастамасымен «Бірге-таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қарасу өзені арналарында сенбілік өтті.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің әртүрлі бөлімдерінің 100-ден аса маманы қаланың 3 бөлімшесінде тазалау жұмыстарын жүргізді. Олар, Ескі қала мешіт ғимараты, Лакомка және Колос аялдамалары маңынан өтетін Қарасу өзенінің арналары.
— «Республикалық «Бірге – таза Қазақстан» акциясы аясында қалалық Су арнасы Қарасу каналы мен арнасын қоқыстан тазалаймыз деп шештік. Бізге, «Рухани жаңғыру» аясында қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің жұмысшылары мен студенттері ерікті түрде қосылды. Сонымен қатар, әл-Фараби ауданының әкімі де тазалық орындарын аралады. Жалпы ұзындығы арнаның 1 км 600 метрін тазалаймыз. Біз қала адамдарынан Қошқар ата, Қарасу, Бадам өзендері арналарына қоқыс тастамай, табиғатты құрметтеуін өтінеміз. Егер өзен лас болатын болса ол біздің денсаулығымызға кері әсерін береді. Ал, егер өзен таза болса денсаулығымыз зор болады», — дейді «Су ресурстар-Маркетинг» ЖШС-нің баспасөз бөлімінің шеф-редакторы Ринат Хамидуллин.
Су арнасының қызметкерлері екі сағат ішінде тазалау жұмыстарын жүргізіп, жиналған қоқыстарды арнайы машинаға тиеді. Пластикалық және шыны бөтелкелер, металл қоқыстарын сұрыптай отырып, табиғаттың таза сақталуына ат салысты. Сондай-ақ, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің эколог маманы Нұрәлі Төлембаев барша қала тұрғындарын экологиялық жауапкершілікке шақырады.
– Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен жүргізіліп отырған экологиялық акцияның мақсаты қоғамның назарын экологиялық мәселелерге бұру, табиғи ортаны таза ұстау және табиғи ресурстарға мұқият көңіл бөлу. Қымбатты миллионды қаланың тұрғындары, Үшінші Мегаполистің экологиялық тұрғыда мәдениетті және тартымды көрінуі үшін бәріміз бірлескен түрде жұмыс жасайық!», — дейді эколог.
Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ.
oinet.kz