Қыстың қамына қазірден кіріс көмір қоймаларындағы бағаны кім бақылайды?

Бірер аптадан соң Шымкентте қылышын сүйреген қыстың ызғары сезілетіні белгілі. Тап сол кезден бастап қалада жылыту маусымы басталатыны сөзсіз. Өкінішке орай Шымкент территориясындағы барлық шағын аудандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Елді мекендердің барлығына түгел тұтас газ құбыры тартылған деп те айта алмаймыз. Инфрақұрылымның мұндай игілігінен ада болып отырған аумақ тұрғындары қыр астындағы қыстан қысылмай шығу үшін көмір жағып, күл шығаратыны анық. Бірақ оның өзіне де қол жеткізу күйбең тірліктің қамымен жүрген қарапайым тұрғындар үшін оңай тимейтіні шындық.

Себебі, адамды дірдек қаққызар қыстың ызғары қатты сезілген кезде Шымкентте көмір бағасы сан рет құбылатыны жасырын емес. Өткен жылдарды еске түсірсек қаламызда қысылтаяң сәтте амалы құрыған халық арқылы қалтасын қалыңдатудан еш қамықпайтындар көмір кенішінен тең-тең ғып жеткізіліп жатқан өнімнің бағасын бастапқы құнынан бірнеше есе қымбат бағаға босататынының мың мысалы болған.
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы әкімдігі осындай сабылыстың алдын алу үшін тұрғындарға әлден қатты отынды алып, қысқа қамдануды құлағдар етіп отыр.
Және де қала аумағындағы көмір қоймаларында өнімнің жеткілікті екенін де жеткізуде. Аудан әкімдігі таратқан деректерде «Достық» тұрғын алабы, А.Ясауи көшесі мен «Қызылсай» тұрғын алабы, Жібек жолы көшесіндегі барлығы 5 қоймада 50 мың тоннаға жуық көмір қоры бар екені көрсетілген. Және олар әр тоннасы үшін 13-14 мың теңге аралығында босатылып жатқанын айта кетейік. Жергілікті әкімдік арадағы делдалдардың бағаны күрт қымбаттатып жібермеуін де бақылауда ұстап отыр. Өз кезегінде әкімдік өкілдері алдын ала ашық ақпарат көздеріне берген хабарландыруларда тұрғындар қажетті мәліметтер алып, қосымша ақпарат алмасуы үшін 77-46-18 телефон нөміріне қоңырау шалуды да құлағдар еткен.
Десе де, «қыстың қамын жаз ойла» деп тегін айтылмаған. Сондықтан да көмір қоймаларында қатты отын жеткілікті деп арқаны кеңге салуға тағы болмас. Өйткені, былтыр күн күрт суыған шақта Шымкенттегі көмір қоймаларында өнімнің әр тоннасы 14 600 теңгеден сатылып, көлікке тиелген көмірдің құны тиісті жерге жетемін дегенше 19-20 мың теңгеге дейін аспандаған болатын.
Ақпарат үшін айта кетейік, Қазақстан көмір өндіру көрсеткіші бойынша әлемде 10-орында тұр. Былтыр Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елімізде көмір қоры 1 млрд. тоннаны құрайтынын, бұл жарты ғасырға жететінін мәлімдеген. Бірақ соған қарамастан сақылдаған сарышұнақ аязды күндердің ауылы жақындаған сәтте еліміздің бірқатар өңірлерінде көмір тапшылығы орын алып жатады. Бұл парадокстың шешімі қашан нақты шешілетіні белгісіз.

Қ. ҚАЛИЕВ.