Шала бүлінген БОЖКО…

Бүгінде депутаттардың дегені қоғамда қызу талқыланатын болды. Жуырда Мәжіліс депутаты Владимир Божко «Биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіну керек. Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен.
Осыдан-ақ түсінуге болады. Осы үшін халық мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек. Адам жұмыс істемейді, кейін «бәрін бер» деп шыға келеді. Ондай адамды мал қораға қоятын қоғам пікірі болу керек» деп айды аспанға бір-ақ шығарған.
Тауып айтамын деп, қауып айтқан Божконың бұл сөзіне халық дүрлікті. Әлеуметтік желілерде депутаттың бұл пікірі көп талқыланды. Бұл сөз әсіресе, көп балалы аналардың шамына қатты тиді. Оған сол аналардың бірқатарының Ақорданың маңына келіп, «Божконың халықтан тізерлеп кешірім сұрасын» деген талап қоюы негіз болады. Көпшілік арасында «мұндай пиғылды депутат қоғамға қамқор танытпайды, керісінше, қауіп тудырады» деген сарында ойлар көп айтылды.
Өз кезегінде журналистер алпыстың асқарынан асқан депутаттың бұл сөзіне Мәжілістегі әріптестері қандай пікір білдіретінін де білуге тырысқан. Олардың басым көпшілігі Божконың бұл сөзін тауып айтылған тұжырым емес екенін ашық жеткізді. Мәселен, депутат Азат Перуашев ондай сөзбен мүлдем келіспейтінін кесіп айтты. Сонымен қатар ол, «бұл мәселе бойынша арнайы этикалық комиссиямыз бар. Оны Қуаныш Сұлтанов басқарады. Сол комиссия қарау қажет» деді. Ал Майра Айсина болса «Ол асығыс айтылған сөз секілді. Оған өзі де өкінген шығар. Бірақ халық ондай сөзге лайық емес. Себебі, халыққа жағдай жасау мемлекеттің міндеті», десе, Абай Тасболатов елдің барлығына қарата солай деп айтып салу ағаттық деп танитынын жасырмады. Байділдә Жылқышиев те әріптесінің сөзін дұрыс деп санамайтынын іркілмей мәлімдеді. Ирина Аронова болса, жұмыс тобына кешігіп бара жатқанын желеу етіп, жауап беруден жалтарды.
Осы ретте депутат Владимир Божконы Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынғанын да айта кетейік.
Алайда вице-cпикер қоғамды дүрліктірген бұл сөзі үшін халық алдына шығып кешірім сұрау былай тұрсын, төбе көрсетпеді де. Бірақ оның әрдайым тасада тығылып жүре бермейтіні айдан анық еді.
Осы аптада ол журналистердің «қақпанына» түсіп қалды. Сол кезде оған «Сіз халық мемлекетке тізерлеп отырып, алғыс айтуы керек» деген сөзіңіз бойынша дүйім елдің алдында кешірім сұрайсыз ба? деп сұрақты төтесінен қойды. Төтеннен қойылған сұраққа Божко әжептеуір абдырап қалды. Өз кезегінде ол «мен ешкімді ренжіткім келген жоқ. Бірақ масылдыққа қарсымын» деп қайталаумен болды. Бірақ кешірім сұрамады.
Р.S. Депутат шынымен де ешкімді ренжіткісі келмеген болса, неге артық кетіп, ағаттық танытқанын айтып, кешірім сұрап, сан мың халықтың көңіліне түсірген кірбіңді кетіруге құлық танытпады? Әлде оған кешірім сұрап кішірейгеннен гөрі, қарашаның өкпесін арқалап жүру әлдеқайда жеңіл ме?! Толғандырған тағы бір жәйт оның «масылдыққа қарсымын» дегенді алға тартуы. Сонда көп балалы аналардың мемлекеттен көмек сұрауы масылдық болғаны ма? «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген. Егер елімізде көп балалы отбасы мүшелерінің барлығының «карындары тоқ, көйлектері көк» болғанда аналар бұлай көшеге шығып, шыр-пыр болып жүрмей, отағасының қас-қабағына қарап, балаларының қамын жасап, үйінің отын маздатып отыратын еді. Бірақ халық қалаулысы деген мандат арқалаған Владимир Божконың бұл мәселеге терең бойлап, түйсіне алмағаны өкінішті. Мұндайда тіл ұшына «кейде қызық, тұлпар жүрген жолменен, есектер де кетіп бара жатады» деген сөз орала кетеді екен. Иә, мандат арқалағандардың барлығы халықтың қалауындағы мәселені тап баса бермейтіні бүгінгі күннің шындығы болып тұр.

А. САТЫБАЛДЫ.