Әлеуметтің мәселесі – әлеуметтік картаға түседі
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов көпшіліктің сұранысын ескере отырып инстаграм желісінде жеке парақшасын ашты. Бұл туралы «Шымкент келбеті» газеті фейсбуктегі ресми парақшасында жариялады.
Бірер күннің ішінде 5 мыңға жуық оқырман жазылған әкімнің инстаграм аккаунтындағы жазбаларының астына жұрт төмендегідей проблемаларын үздіксіз жазуда.
Шымкенттегі «Самал-3» шағынауданында мемлекет тарапынан тартылып, жеткізілген жарық жоқ. Дәл мұндай проблеманы «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғындары да бастан кешіріп отыр. Салдарынан тұрғындар тұтынылған 1 кВт электр жарығы үшін нарықтағы бағадан бірнеше есе артық ақша төлеп, артық шығынға батуда. «Өтеміс» тұрғын алабында ауыз су мәселесі асқынып тұр. Бұл проблема «Сайрам» тұрғын алабын да айналып өтпейді. «Тұран» және «Ынтымақ-2» шағынаудандарында да тіршілік нәрі түйіткілді мәселенің бірі болып тұр. Инфрақұрылым деген игілік атымен жоқ «Жаңақұрылыс-2» тұрғын алабында күл қоқыстардың дер кезінде алынбауы тұрғындардың көңілдерін одан сайын күпті етуде. Дәл мұндай проблема «Құрсай» ауданындағы халықтың да ашуын тудыруда.
Осылардың барлығын ескерген болса керек, мегаполис басшысы Ерлан Айтаханов осы аптада өткізілген кезекті ақпараттық жиналыс кезінде Шымкенттегі 4 ауданның әлеуметтік картасы жасалатынын мәлімдеді. Соған сәйкес әр ауданның өзекті проблемалары айқындалады. Бұл Шымкентке іргелес жатқан аудандардан қосылған 41 елді мекендегі инфрақұрылым проблемаларын жүйелендіру үшін қолға алынуда. Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы әлеуметтік картаны әзірлеу – күрмеуі шешілмей жатқан проблемаларды реттеуде қойыртпаққа жол бермей, жұмысты жүйелі түрде жүргізуге сеп беретінін алға тартып отыр.
Сонымен қатар ол, қаланың шеткі аумақтарындағы елді мекендерге инфрақұрылым жүйесін жүргізу жұмыстарына жеке инвесторларды тартуды атап өтті. Бұдан бөлек ол тиісті мамандарға қала көшелерін қоқыстан дер кезінде тазартуды бақылауға алу қажеттігін қадап айтты.
М. ӘБДІРАЙЫМ.