БАСТЫ ТАЛАП – КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Асқар Жұмағали «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, инвесторлармен кездесті. Бизнес адымы ашылған кәсіпкерлермен болған еркін форматтағы кездесуде аймақтағы бизнестің алға қарай дамуына кері әсерін тигізетін мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде Асқар Жұмағали инвесторлар ісіне сырттан келетін соққыларды болдырмау департамент жұмысының ең негізгі бағыттарының бірі екенін баса айтып, оларды белсенді қарым-қатынас пен ынтымақтастықта болуға шақырды. Бұл туралы ол:
– Қандай да бір лауазымды тұлғалардың бизнес ісіне араласу әрекетін кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі ретінде қабылданатынын білген абзал. Және ондай келеңсіздікке жол бергендерге қолданыстағы заңға сәйкес қудаланатынын атап өткім келеді. Сондықтан да Сіздерді белсенді қарым-қатынас орнатуға шақырамын,-деді.
Сонымен қатар ол, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті жалпы сомасы 49 млрд. теңгеден астам 20-ға жуық жобаны сүйемелдеуді жүзеге асырып жатқанын, бұдан бөлек, 50-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалғанын атап өтті.
Кездесу соңында департамент басшысы үй тоқымасы, кілемдер және мақта-мата иірімдерін өндірумен айналысатын «АГФ групп», «Назар Текстиль» және «Azala Cotton» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндіріс алаңдарында болып, ондағы қарқынды жұмыстармен жақын танысты.
М. ӘБДІРАЙЫМ.