ШЕНДІЛЕРГЕ КӨРІЛГЕН ШАРА АУЫР МА ӘЛДЕ ЖЕҢІЛ МЕ?
Сәрсенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 2009 жылдан бастап ҚР құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, 2010 жылы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2016 жылы Қорғаныс министрі болып, бұл қызметінен 2018 жылы алынған Сәкен Жасұзақов Қарулы күштер құрамынан шығарылды. Мұнымен қатар Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектанов пен бұрын осы қызметте болған Мұрат Майкеевке және экс-вице министр Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс берілді.
Президенттің бұл өкімінде аты аталып, түсі түстелген шенеуніктерге мұндай шараның көрілуіне өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамай, қару жарақты сақтау жөнінде кемшіліктердің орын алуы салдарынан Арыс қаласындағы ауқымды апатқа жол бергендігімен деп түсіндірілген.
Естеріңізде болса, бұған дейін дәлірегі 15-шілдеде Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыс бойынша Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа бірден қатаң сөгіс берген болатын.
Отырыста меклекет басшысы Арыстағы жарылыстың себебін «жүйелі кемшіліктен және әскери ведомство бақылауының әлсіздігінен» деп танитынын және қорғаныс министрлігіндегі жағдайға қанағаттанбай отырғанын ашық әрі ашынып айтқан болатын.
Ағымдағы жылдың 24-маусымында Арыстағы әскери бөлімдегі оқ дәрі сақтайтын қоймада болған жарылыс салдарымен күрес әлі күнге дейін жүргізіліп келе жатыр. Апат шағын қаладағы сегіз мыңнан астам тұрғын үйлердің 80-90 пайызын әртүрлі деңгейде зақымдаған. Төрт адам қаза тауып, 170-ке жуық адам зардап шеккен. Қазіргігі таңда қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған.
Шілде айының басында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов қаланы қалпына келтіруге 34,5 млрд. теңге бағытталатынын мәлімдеген-тін. Бұл қаржылар ҚР Үкіметінің қорынан, Түркістан облысының бюджетінен, өңірлердің бюджеті есебінен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ есебінен, және еліміздің бизнес қауымдастығы есебінен бағытталатынын айтқан.
Осы деректі еске түсіру арқылы санаңда «Арыстағы жарылысқа жол берген шенділерге көрілген шара ауыр ма әлде жеңіл ме?» деген сауал туа қалады екен…