АЛТЫ АЙДА АТАЖҰРТҚА 4000-НАН АСТАМ ОТБАСЫ ОРАЛҒАН

Ағымдағы жылдың алты айында Қазақстанға 7000-ға жуық қандасымыз көшіп келген. Яғни, 6796 адамнан тұратын 4244 отбасы атажұртқа түбегейлі ат шалдырған.
Бұл туралы деректі еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады.
Атамекенге қоныс аударған жанұялардың басым көпшілігін Өзбекстан қазақтары құраған. Есепті кезеңде ала тақиялы ағайындар елінен келген отбасының саны 2355-ті немесе 3800 адамға жеткен. Ал екінші орынға Қытайдан келген көш жайғасқан. Аспан асты елінен 1553 мүшесі бар 1005 адам ат шалдырған. Тарихи отандарына оралуда белсенділік танытуда Түрікменстандағы қандастарымыз үшінші орыннан көрінген. Бұл мемлекеттен 582 адамның туған жерге табаны тиген.
Бұдан бөлек, Моңғолия мемлекетінен 402, Ресей Федерациясынан 145, Қырғыз Республикасынан 46, Иран елінен 62, Тәжікстан Республикасынан 11, Түркия төрінен 11 және өзге де шет елдерден 239 қазақ Қазақстанға қоныс аударған.

С. ЖҮНІСБЕКОВ.