РАШИД РУХАНИ ҚАЛАНЫ БАСҚАРАДЫ

Осы аптада облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының әкімін тағайындады. Облыс активі Арыстағы апаттың зардабын жоюдың мың сан
шаруасымен жүргенде бұлайша кадрлық ауыс-түйіс болады деп кім ойлапты?!

Аптаның сәрсенбісінен бастап Түркістан қаласының тізгіні Рашид Аюповқа тапсырылды. Ол бұған дейін «Шымкент» ӘКК-ның Басқарма Төрағасы болған. Рашид Аюпов күнгейдегі Кентау қаласының тумасы. 1981 жылы дүниеге келген. Өңірдегі үш жоғары оқу орнында білім алып, информатика, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер мамандықтарын меңгерген. Одан соң «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Кентау қаласындағы өндірістік кооперативінде инженер-оператор болып бастаған. Содан соң мемлекеттік қызмет саласында түрлі жетекшілік жұмыстарды атқарған. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясында жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетсек өткен маусым айында Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалғаннан бастап журналистерге берген алғашқы баспасөз конференциясында әкімдерде команда болу керектігін және оның өз командасында талантты әрі іскер жастарды көргісі келетінін айтып қалған еді. Бұл әңгіменің пұшпағы осы кадрлық ауыс-түйістің болатыны әлдеқашан жоспарланғанын аңғартқандай.
Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларды тізгіндеп отырған бірқатар әкімдер, саналықтан, даналыққа қарай аяқ басқаны белгілі. Өмірзақ Естайұлының талантты және іскер жастарды қасынан көргісі келемін дегені және осы қалауын орындауда тиісті тағайындауды жасап үлгергені сол азаматтарға тықыр таянғанын білдіртеді ме?
Келер күн бұл сұрақтың жауабын жұмбақ қалдырмайтыны сөзсіз.