ШЫМКЕНТ 2025 ЖЫЛЫ ЖАРЫҚ, АУЫЗ СУ, КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚТАЙ ҚАМТЫЛАДЫ
Шымкентке қарасты барлық аумақтар 2025 жылы коммуналдық қызметпен толықтай қамтылатын болады. Яғни көрсетілген мерзімде мегаполистегі бірде-бір тұрғын ауыз судың тапшылығын, жарықтың жоқтығын, көгілдір отынның тартылмағанын айтып әкімдіктегі емен есікті қақпайтын болады.
Бұл туралы журналистерге қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз мәлімдеді.
Қазіргі таңда Шымкенттегі 8 елді мекен атап айтқанда Тұран, Асар-2, Қайнар бұлақ, Ақтас, Ақтас-2, Оңтүстік және т.б тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре алмай, от жағу мен күл шығару азабынан құтыла алмауда. Мегаполистегі бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін қаржының жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Дегенмен мегаполистегі бұл мәселе 2025 жылы түбегейлі шешілетін болады.
Шаһар тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты басқарманың өкілі күн тәртібіндегі ең басты мәселе ол ауыз су мен жарық проблемасын толықтай шешу екенін алға тартты. Соған сәйкес сала мамандары 2023 жылға дейін қала территориясының барлық аумақтарында сапалы тіршілік көзі мен электр қуатын тұрғындар еш кедергісіз тұтынатынын жеткізді. Бұл мақсаттағы жұмыстарды межелі мерзімінде аяқтау үшін 9,4 млрд теңге қаржы қажет. Өз кезегінде Н. Жаманкөз биыл бастапқы жұмыстар үшін 2 млрд. теңге қаржы сұралатынын хабарлады.