ДОМБЫРА ЕСКЕРТКІШІ ТҰРҒЫНДАРДЫ 30 ТҮРЛІ КҮЙМЕН ТЕРБЕЙДІ
Шымкентте өне бойыңызға тамаша рух беріп, жақсы әсер қалдыратын домбыра ескерткіші орнатылды. Қаладағы «Түркістан» сарайының алдына орнатылған ескерткіш ұлттық аспабымыз домбыраны ұлықтау мақсатында қойылды. Ескерткіштің салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Өз кезегінде Шымкент әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы «Мұндай ескерткіштің ашылуы ұлттық дәстүр, мәдениет және бірегейлік идеяларының төңірегінде халық бірлігін одан әрі нығайту үшін жасалып отыр. Домбыра – қазақтың рухы мен болмысы» деп атап өтті. Сонымен қатар ол домбыраның қос ішегімен үндескен әдемі ән мен тамаша күй тыңдау адам жанына ерекше рух дарытып, алға қарай дамуына серпін беретін күшке ие екенін атап өтті.
Жаһандық дамуға бет алған шақта ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан дәстүрлі өнеріміздің дамуына тың серпін беретін бұл баянды істің куәсіне қала тұрғындары мен қонақтары да қатысты.
Жұрт аяғы суымайтын мәдениет нысанының алдындағы домбыра ескерткішінің авторы – Шымкент қаласының суретшілер одағы болып табылады. Оның ең басты ерекшелігі жанына жақындаған кезде автоматты түрде қазақтың күмбірлеген күйінің орындалатындығында болып тұр. Ерекше ескерткіш шымкенттіктерге қасиетті де киелі домбыра аспабының қоңыр үнімен 30-ға жуық күй тыңдататын болады. Туындының биіктігі тұғырымен 7,5 метр, ені 1,5 метрді құрайды. Шара барысында жергілікті өнерпаздар күй тартып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Естеріңізге сала кетсек былтыр 13-маусымда Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі мемлекеттің басшысы ретінде шілденің бірінші жексенбісін «Домбыра күні» деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.