Мырзахметовтың іскерлік қыры неде?

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі беттерінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың аймақ басшысы ретіндегі атқарып жүрген жұмыстары кең тарқатылып келеді.
Өмір мектебіне назар аударсаңыз үнемі ат үстінде жүретін бұл азамат кезінде күнгейді алты жыл басқарған әкім ретінде де елге жақсы мәлім. Жыл басында ол мемлекет басшысының Жарлығымен Әулиеата өңіріне әкім болып тағайындалған болатын. Оған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары және Ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған-тын.

Биыл ол кісі Жамбыл облысының әкімі ретінде құны 1 млрд. доллар болатын 13 инвестициялық жобаның іске асуын, «7-20-25» бағдарламасы аясында 800 пәтердің тұрғындарға тапсырылуына дайын болуын жолға қойып үлгеріпті. Асқар Исабекұлы әкім болған осы жылда Жамбыл облысында өнеркәсіп саласындағы өсім – 5,1, ауыл шаруашылығында – 4,2, құрылыста – 6,6, жүк тасымалында – 7,8, байланыста – 7,2 пайызды құрапты. Жуырда ағымдағы жылдың тоғыз айын қорытындылаған жұмыс есебі кезінде А. Мырзахметов Жамбыл облысында инфляция деңгейі 3,0 пайызды құрап, бұл 2017 жылдың тиісті кезеңінен 1,2 пайызға төмендегенін алға тартады. Облыстан экспортқа шыққан ет өнімдері де өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артып, 2,3 мың тоннаға жетіпті. Облыста осындай көрсеткіштердің түзілуінің басы-қасында жүрген ол Елбасы Жолдауындағы жалақы мөлшерін көбейту мақсатында да аймақтағы кәсіпорын басшыларымен кездесулер ұйымдастырып, келіссөздер жүргізуде де іскерлік танытуда.
Жамбыл облысының әкімі ретінде Асқар Мырзахметовтың осы және өзге де жұмыстарын журналистер осылай түйіп-түйіп көрсетуде.
Оның сан-саланы алға жетелеудегі іскерлік қырының жан-жаққа жар салып жариялануына тек жамбылдық журналистер емес, Түркістан облысының тілшілері де ерекше үн қосып жатқанын көп байқаймыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, тірлік тындыратын тұлғаның іскерлігін таныту артық болмас. Бұл азаматтың кезінде күнгейді бір жыл емес, екі жыл емес қатарынан алты жылдай басқарып, оның дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген әкім ретінде назарға алынып, жазып, жариялап жатқандарын әбестікке балаудан аулақпыз. Десек те, күнгейлік әріптестеріміздің А. Мырзахметовтың Жамбыл облысы әкімінің жұмыстары жайындағы жаңалықтарға көп екпін түсіруі Түркістан облысының басшысы Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтардың атқарып жатқан тірліктері туралы ақпараттарды келтіруден әлдеқайда қарқынды болып жатқаны біраз ойға жетелейді. Осындай жәйттер үшінші мегаполис пен жаңадан құрылған Түркістан облысы әкімдерінің іскерлік қыры А. Мырзахметовтың жұмыс бастылығының қасында көлеңкеде қалып қоятын сарын тудыратындай. Шындығында да бұл А. Мырзахметовтың жоғарыдағы әріптестерінен қарағанда іскерлігінің ілгері болғандығын көрсете ме, әлде «пиар» деген жалған жарыстың белгісі ме? Немесе бұл Түркістан мен Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың өз деңгейінде насихатталмауының сипаты ма?

Қ. ҚАЛИЕВ.
Cурет А. ӘССАНДИДІКІ