Күнгейдегі ауруханалар мен емханалар ақпараттық жүйемен толық қамтылды ма? Егізбаевтың Сағынтаевқа берген уәдесі не болды?

2017 жылдың күзінде Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан) арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың алдында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев үлкен сеніммен уәде берген еді. Онда ол жыл соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық медицина мекемелерін 100 пайыз ақпараттық жүйемен қамтамасыз етуге сөз берген болатын.

Арада жыл өтті, бірақ бір өкініштісі осы уақытқа дейін сол цифрландыру жөніндегі, яғни, ауруханалар мен емханаларды компьютермен толық жабдықтау қаншалықты жүзеге асты? Себебі, осыған дейінгі өткізілген конкурстар өз жұмыстарына нүкте қоймаған. Олардың көпшілігі ауданаралық мамандандырылған-экономикалық сот шемімімен бұзылып, мердігерді анықтау көптеген қиындықтар тудыруда. Қазақстанның үшінші мегаполис қаласына айналған Шымкент шаһарының ауруханалары мен емханаларын компьютермен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы әлі күнге дейін игерілмей тұрған сияқты. Қалаға және облысқа мемлекет тарапынан бөлінген миллиардтаған қаржы жыл соңына дейін дер кезінде игерілмейтін болса, оның жауапкершілігі қиын болайын деп тұр. Себебі, шілде айына дейін мемлекеттік сатып алу конкурсын денсаулық сақтау басқармасы жүргізген, бірақ камералдық бақылау бірқатар кемшіліктерді анықтап, өткізбей қойған. Ол қандай кемшіліктер? Сонымен қатар, тамыз айында мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алу басқармасына өткізген. Соңғы мемлекеттік сатып алу конкурсы 25-ші қазанда өтіп, қатысушылардың бірі сотқа беріп, соттың шешімімен ол да тоқтатылған. Енді жыл сонына дейін конкурс өтпей, медициналық мекемелер компьютермен қамтамасыз етілмей қалу қаупі бар. Егер жоспарлы іс жүзеге аспайтын болса, онда облыстың бас дәрігері Мұқан Егізбаев кімге қандай және нендей уәж айтар екен? Өйткені, денсаулық сақтауға үлкен пайдасын беретін осы жұмыстар жүзеге асырылмай жатса, онда оның аяғы үлкен дауға ұласуы әрі науқастарға кері әсерін тигізері сөзсіз.
Үкімет басшысы Б. Сағынтаев бір жылдан бергі өзіне берілген үлкен деңгейдегі уәденің сұрауын кімнен алуы және оған қандай шара көріп, жаза тағайындайтындығы, кемшіліктен тез арада қорытынды шығаруды өз бақылауына алатындығына деген сенімді әлі де болса жоғалта қоймағанымыз жөн шығар. Осы мәселеге байланысты ҚР Премьер-минстрі Б. Сағынтаевтан біз жолдаған хатқа келген жауаппен көпшілікті таныстыруды назарымыздан тыс қалдырмаймыз.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.