ТҮРКІСТАНДЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ-РУХАНИ АСТАНАСЫНА АЙНАЛДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды міндет екенін атап өтіп, еліміздің қасиетті орындарын насихаттау, ұрпақ санасына сіңіру мәселесін көтерді. Ал, биыл 19-маусымда Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы жаңа облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Елбасының бұл Жарлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы секілді. Себебі, сол бағдарламалық мақалада Түркістан туралы да айтылады.

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар» деген болатын Елбасы.
Яғни, Президент Түркістанды Қазақстанға ғана емес, жаһандық деңгейде танытуға шындап кіріскендей. Бүгінде Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру жұмыстары басталып кетті. Шаһардың туристік әлеуеті зерттеліп, туризмді дамытуға бағытталған бағдарлама жасалды. Түркістанның насихаты күшейді. Инвестициялық форум өтті. Ал, қарашаның 19-ы күні Түркістан қаласында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Осы алқалы жиында Түркістан қаласын дамыту, түркі тектес елдердің мәдениеті мен ғылымын жандандыру және бірлігін нығайту бағытында келелі ойлар айтылды.

Ғылыми орталық ашылады

Әлемнің танымал түркологтары мен тарихшы-ғалымдарының басын қосқан маңызды жиынды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы өткізді. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ұжымы да айрықша үлес қосты.
Жиынға елімізден бөлек Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан мемлекеттерінен зиялы қауым өкілдері, түркологтар мен ғалымдар және дипломатиялық өкілдіктерден жауапты қызметкерлер келді. Конференцияны Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналдыру бағытында жұмыстар басталғанын айтып, конференцияның жұмысына сәттілік тіледі.
– Таяу уақытта Түркістанда Түркі әлемінің орталығы бой көтереді. Мұнда бүкіл Түркі дүниесінің ойшылдары мен ағартушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі.
Елбасы ұсынған «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын Түркістанда жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Облысымыздың тарихи орындарын «Түркі әлемінің киелі жерлері» тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізуге де дайынбыз. Қазір жұмыр жер бетінде 200 миллионнан астам түркі тілдес бауырларымыз бар. Егер саяси, ғылыми және рухани бірлігіміз мығым болса, бұл үлкен күшке айналады. Жаһандану заманында біз бірге болып, қиындықтарға бірге төтеп беруіміз қажет. Бүгінгі түркологтардың басқосуы осы сенім үдесінен шығады деген ойдамын. Түркі әлемінің орталығы Түркістанымыз осындай игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын, — деді Ж.Түймебаев.
Конференцияның негізгі жетістіктеріне тоқталсақ. Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Халықаралық Түркі Академиясының ғылыми орталығы салынатын болды. Бұл да елді рухани жаңғырту бағытындағы игі қадам екені даусыз.
Конференцияның секциялық отырысында «Түркі әлемінің қасиетті жерлері», «Түркі әлемінің атақты тұлғалары» және «Түркі тілдері мен жазуы» тақырыптарында келелі ойлар айтылды. Атақты ғалымдар мен түркологтар баяндама жасады. Атап айтсақ, Халил Акынджы (Түркия), Виктор Бутанаев (Ресей), Мекемтас Мырзахметов (Қазақстан), Әбсаттар қажы Дербісәлі, Кюршад Зорлу (Түркия), Қаныбек Иманалиев (Қырғыз Республикасы), Рамиз Аскеров (Әзірбайжан), Өмірзақ Айтбаев (Қазақстан), Бахтиер Каримов (Өзбекстан), Рахмоил Сафаров (Тәжікстан), Александр Васильев (Ресей) және тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар, профессорлар мен түркологтар білгендерін ортаға салды.
«Түркі әлемінің киелі жерлері» деп аталатын секциясында Түркі дүниесінің киелі жерлерін анықтау жобасын әзірлеу, оның критерилерін белгілеу, жобаны іске асыру мерзімі мен кезеңдері, жүзеге асыру тәртібі және өзге де мәселелер талқыланды.
«Түркі дүниесінің атақты тұлғалары» секциясында тұлғаларды анықтау критерилері мен осы жобаны жүзеге асырудың тетіктері қарастырылды. Соның ішінде шығыстанушы, профессор Әбсаттар Дербісәлі «Түркістаннан шыққан ғалымдар мен ойшылдар» тақырыбында баяндама жасап, өңірімізден небір ғұламалар шыққанын ғылыми дәлелдермен түсіндіріп берді.
«Түркі тілдері мен жазуы» тақырыбындағы үшінші секцияда түркі тілі, түркі әдебиеті, түркі тілдес елдердің латын графикасына көшуі туралы мәселелер көтерілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы түркі әлемінде де қолдауға ие

Сонымен, Түркістандағы алқалы жиында шетелдік оқымыстылар «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің көшбасшы тұлғасына айналып, түбі бір туысқан ұлттарды саяси, рухани және мәдени тұрғыда бірлікке шақырып жүр. Нақты бастамалар көтеріп, ынтымаққа шақыруда. Бұл — Қазақстанның Түркі әлемінде айрықша орны бар екенін білдіреді» деген сипатта пікір айтты. Ол орынсыз емес.
Жуырда Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның Шолпан-Ата курорттық аймағында өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VI Саммитінде: «Қазақстанның латын графикасына көшуі – түркі тілдес елдердің жазу мәдениетін жақындастыра түсетін айтулы жаңалық. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асырылды. Тағылымы мол тарихымызда әл-Фараби, Ясауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында «Түркі әлемінің 100 жаңа есімі» жобасын әзірлеуді ұсынамын», деген болатын. Демек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы жарқын идеялар халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл бастамаларды жүзеге асыруда асқан ұқыптылық пен білім керек. Халықаралық Түркі Академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде «туысқан халықтар арасындағы 100 тұлғаны анықтау үшін бәріміз ақылдасып, байыппен іс атқаруымыз қажет. Себебі, бірнеше ұлтқа ортақ тұлғалар бар. Түркістанда жиын өткізуіміздің де мәні тереңде. Ақылдасатын мәселе жеткілікті» деген пікірін айтуы тегін емес.
Сонымен бірге, Елбасының «Ежелгі дәуірден тамыр тартатын Түркістан қаласы облыс мәртебесін алды. Осылайша түбі бір Түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонды. Бұл – біздің тұтастығымызды нығайтып, елдігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға. Алтайдан Анадолыға, Байкалдан Балқанға дейінгі атырапта, Сахарада байырғы баһадүр бабаларымыздың іздері сайрап жатыр. Түркі халықтары үшін қасиетті ұғымдарды көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайық етіп қалдыру үшін «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобасын қолға алуды ұсынамын» деген бастамасы да жұртшылықты елең еткізді. Мемлекет басшысы Қырғыз еліндегі Саммитте Түркі кеңесі жастарының құрылтайын
жүйелі өткізу, Түркі әлемінің бірегей тарихи орындарына өлкетану экспедицияларын ұйымдастыру жөнінде де бастама көтерді.
Міне, осы бастамаларды жүзеге асыруда Түркістан қаласы ерекше үлес қосады. Түркістанда ашылатын Түркі әлемі орталығы ұлы тұлғалардың еңбегі мен ғылыми жетістіктерін насихаттайтын орталыққа айналуы тиіс. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та осы идеялардың Түркістан қаласында жүзеге асуына қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Түркістанға үмітпен қарайды…

«Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты жиынға Тәжікстанда тұратын қарлұқ халқының өкілі Рахмоил Сафаров келді. Тарихта өзіміз оқып-білген қарлұқ тайпасының өкілі. Түркі қағандығының құрамында VIII ғасырда қытай-араб шайқасында айрықша ерлігімен танылған қарлұқтардың ұрпағы.
Сол азамат Түркістандағы жиынға арнайы келіпті. Бүгінде түрлі мемлекеттердің құрамына сіңіп, жойылып бара жатқан бауырлас ұлттар аз емес. Өкінішке қарай, қарлұқтарға да осындай қауіп төніп тұр. Қалың тәжіктің арасында бұйығы күн кешіп жатқан бұл ағайындар үшін ұлтын қарлұқ деп жаздырудың өзі үлкен мақсат. Бүгінде жұмыр жер бетінде тарыдай шашыраған түркі тілдес халықтар Қазақстанды арқа тұтады. Түркістан Түркі әлемінің орталығына айналса екен деген үкілі үміттері бар. Дәл қазір Түркістанда тұратын ағайын мен қазақстандықтар бұл ұлы мұратты түсінбеуі мүмкін. Бірақ, Түркістанның тарихында керемет бетбұрыс, өрлеу үрдісі жүріп жатыр.
Биыл Халықаралық Түркі Академиясы бірқатар маңызды жұмыстарды қолға алды. Нақтырақ айтсақ, TWESCO ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткізген форумда бірқатар шешімдер қабылдады. Осыған сәйкес, 2018 жылды ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мағжан жылы», ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты «Айтматов жылы» және түркі жазуының алғаш оқылуының 125 жылдығына қатысты «Түркі жазуы жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, аталған бағыттарда жүзеге асырылған жобаларға атсалысқан ғалымдар мен қайраткерлер, қарымды журналистер Академия тарапынан қолдауға құрметке ие болуда. Түркістандағы өткен «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференцияда жоғарыдағы бастамаларға үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Биыл көне түркі жазуының алғаш оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай, жазуды алғаш оқыған дат ғалымның атында мәртебелі сыйлық әзірленген-ді. Түркология саласына, Түркі бірлігін насихаттауға ғалым әрі саясаткер ретінде еңбек сіңірген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа осы Вильгелм Томсен медалы салтанатты түрде тапсырылды. Өңір басшысымен бірге А.Еркебаев (Қырғыз Республикасы), Б.Каримов (Өзбекстан), Р.Аскеров (Әзірбайжан) және М.Хайдар (Үндістан) осы медальға ие болды.
Түркі тілдес халықтардың бірлігін, білім, ғылым, мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттап жүрген БАҚ өкілдері де құрметке бөленді. Оларға TWESCO-ның Исмаил Гаспыралы атындағы медиа сыйлығы тапсырылды. Аталған сыйлық биыл «Баспасөз» «Телеарна» және «Ақпарат агенттігі және интернет» аталымдары бойынша 6 азаматқа берілді. Олар: Р.Кертаев (Қазақстан), К.Таабалдиев (Қырғыз Республикасы), К.Саллы (Түркия), Ф.Гусиев (Әзірбайжан), Я.Омероглу (Еуразия жазушылар қоғамдастығының төрағасы) және Б.Абдикаримов (Өзбекстан). Сонымен қатар, Түркі дүниесіне қатысты жаңалықтар мен елеулі оқиғаларды масс-медиада ұдайы көрсетіп, түркітілдес елдердің ақпарат саласындағы байланыстарын нығайтуға үлес қосып жүрген журналистерге TWESCO-ның Алғыс хаттары табыс етілді.
Делегаттар Түркістан облысының қасиетті орындарын аралап, Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Отырар мен Сауранның тарихымен танысты. Еңбегімен дараланып жүрген озық ойлы азаматтар конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып, қонақжайлық танытқан Түркістан жұртшылығына ризашылықтарын білдірді. Түркістанның дамуына үлес қосатындарын жеткізді.
Түркістанның жылнамасы жарқын оқиғалармен сабақталып келеді. Ұзағынан болғай!

Ғалым ӘДІЛЖАНОВ,
Суреттерді түсірген:
Самат Мырзалиев.