ҚОҒАМДЫҚ САНА: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІРЕГЕЙЛІК ПЕН БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ
Қоғамдық сананың өзгеруі мен модернизациялануы әлемнің барлық елдерінің назарында. Қоғамдық сана өзгеріске түсу процесінде жағымды жағына немесе негативті жағымсыз жағына өзгеретіні белгілі. Кезінде австриялық ғалым Карл Реннер «ұлт, мемлекет өзінің дамуында өзі қаласын-қаламасын бәрібір үш кезеңнен немесе үш сатыдан өтеді.
Ол: ұлттың оянуы, ұлттың дамуы және ұлттың гүлденуі» деді. Алғашқы сатысы ұлттың оянуы немесе кейінгі сатылары ұлттың дамуы, гүлденуі болсын, олар қоғамдық сананың оянуы, өзгеруі, жаңғыруымен қатар жүреді. Осы тұрғыда біздің бәріміз де «біздің мемлекетіміз, ұлтымыз қай сатыда тұр» деген сұрақты өзімізге қоямыз. Міне, осы кезеңдер аталған факторлардың, яғни, мемлекет пен ұлттың қалыптасу мен өркендеу процесіне іргетас болып қаланады екен. Олай болса, біз ұлт ретінде ояндық па, өткеніміз бен бүгінімізге диагностика жасап, ертеңіміз қалай болады деген сұраққа жауап іздей отырып, болашаққа болжам жасай алдық па?! Біздің келешекке деген бағыт-бағдарымыз айқын ба?! Міне, осы сұрақ бәрімізді мазалайды. Осы тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі көкейде жүрген түйткіл-сұрақтарға, оның ішіндегі қоғамдық сананың жаңғыруы: қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту мәселесіне жауап берді.
Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы Президент атап көрсеткендей, маңызды «екі процеске қадам жасауға мүмкіндік берді. Олар: саяси реформа мен экономикалық жаңғыру еді. Қалай дегенмен де, ыдыраған Кеңес Одағының қирандысынан шыққан Қазақстан саяси реформалар жасай отырып, экономиканы қалыптастыру, даму жолын ұстанды. Біз бірқатар елдер секілді дүмпуге әкелген революциялық жолды емес, эволюциялық жолды таңдадық. Сондықтан болар, ішкі шиеленіс, көршілес елдермен қақтығыс бізде болған емес. Қырғызстандағы дүмпу, биліктің бір емес, екі рет күшпен ауысуы, өзбек-қырғыз шиеленісі, Тәжікстандағы азамат соғысы, Таулы Карабахтағы үздік-создық қайта басталып әлі өршіп тұрған әзірбайжан-армян қақтығысы, Грузиядағы, қазіргі Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал сол елдердің берекесін алғанын бәрімізде білеміз. Шиеленіс ошағына айналған аймақтарда өндіріс орындары тоқтады, жұмыссыздық өсті, халықтың тұрмыс жағдайы нашарлады, сырттан инвестиция келмеді. Себебі, тұрақсыз аймаққа инвестиция құюға ешкім де мүдделі емес еді. Ал, бізде мұндай шиеленіс пен қақтығыс болған жоқ және оған жол берілмеді. Көршілес елдермен шекарамызды делиметациялап және демаркациялап алдық. Мүмкін, біреу келісер, біреу келіспес, дегенмен, бұл Елбасы саясатының жетістігі екендігін ешкім теріске шығара алмайды.
Әрине, қиыншылықтар, проблемалар болды. Олар бүгінде бар. Барлық салада бар. Оны сіздер де білесіздер. Сондықтан да, бүгінгі күннің мәселесі: қордаланған проблемаларды шешудің жолы қандай. Қоғамдық сананың жаңғыруы, өзгерістер, жаңа реалды жағдайға бейімделу, қоғамдық сананың трансформациялану процесі қалай жүруде. Қандай бағыт, қандай қадам бізге неғұрлым тиімді, қолайлы деген сұрақ туады. Тіпті кеңірек айтсақ, «қандай даму моделі тиімді, қайдан, кімнен үлгі алуға болады» деп ізденіс жасаймыз. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бір саладағы даму моделіне, олардың ерекшеліктеріне назар аударамыз. Жапонның, немістің, шведтің даму моделін бізге қолдануға бола ма деп ойлайтынымыз да шын. Осы арада Елбасының аталған еңбегінен де жауап іздеп, бағыт-бағдар қараймыз және іздегенімізді табамыз.
Тереңнен зер салсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың нығаюына, олардың өзара ұштасуы мен кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді өркендетуге, одан әрі дамытуға, бағалауға, құрметтеуге, бүгінгі күн тұрғысында жаңғыртуға үндейтін, іргелі бағдарламалық құжат.
Осы мақалаға, терең ой жүгіртсеңіздер, Елбасы «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дейді.
Осы арада ұлттық код дегеніміз не, ол қайда деген сұрақ туады? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын менталитетте және ұлттық мәдениетте. Ұлттық кодтың басты компоненттері осы. Бұл жаңалық емес.
Осы арада ұлттық кодты сақтайтын ұлт деген факторға тоқталып өтелік.
Жоғарыда аталған К.Реннер де «…егер біз ұлт дегеніміздің не екендігіне толық жауап бергіміз келсе, оның негізгі басты компоненттерін білуіміз қажет. Ұлт дегеніміз – тілдің бірлігі, территорияның тұтастығы, экономикалық өмірдің жақындығы, әдет-ғұрып пен мәдениеттің ортақтығы негізінде құрылған адамдардың қауымдастығы» деп, «осы аталған ұлтты құрайтын негізгі компоненттердің бірі жойылса, ол белгілі бір тарихи кеңістікте ұлттың жойылуының басы», деп ерекше тоқталады.
Одан да тереңірек кетсек, «ұлт болу үшін басты белгілері ұлттық құндылықтар болуы шарт. Олар: ұлттың тілі, территориясы, салт-дәстүрі, ұлттық менталитеті, мәдениеті мен тарихы» болуы қажет деген қағида. Бүгінде әлем осы аталған құндылықтар жүйесінде өмір сүруде. Бұл ақиқат.
Қоғамның даму процесінде мемлекеттің, ұлттың дамуы сапалық өзгерістерге түседі. Жаңарады, жаңғырады, басқадан қабылдайды, толығады. Бірақ, басқа ұлттармен халықтармен араласу, жақындасу процесінде белгілі бір компоненттерді қабылдау барысында олардың тек жақсысын ғана емес, қоғамның басым көпшілігі қабылдамайтын жаман үрдістерді де қабылдады. Мысалы, ұзақ жылдар бойы Кеңестік кезеңде дін ұстануға белгілі бір шектеулер қойылғаны белгілі. Ал, тәуелсіздіктен кейін дін ұстауға еркіндік берілді. Қоғамдық сана жаңа өзгерістерге түсті. Жаңадан мешіттер салынды, дін ұстанушылар саны өсе бастады.
Қазақ халқының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, ақыл-парасат, қайырымдылық – бұл ұлттық кодымыздың басты компоненттері. Одан да нақтыласақ – баланың ата-анасы алдындағы перзенттік парызы, оларды сыйлауы мен құрметтеуі, ата-ананың да өз балаларының алдындағы, елдің, халықтың алдындағы жауапкершілігі, бауырға қамқорлығы, қиыншылыққа душар болған жанға көмегі, адамгершілігі, үлкенге инабаттылық бұл қазақтың ұлттық коды, ұлттық құндылығы.
Бірақ, әртүрлі факторлар ықпалынан қазақ қоғамында ұлттық құндылық жүйесі әлсіреп, ұлттық коды өзгеріске түсті. Оның негізі тереңде жатыр. Ресейлік патша үкіметінің отарлау саясаты, кеңестік қуғын-сүргін, ашаршылық т.б. өзінің таңбасын қалдырып, қазақ халқының қоғамдық санасына өзгеріс енгізгені анық. Осы арада Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды дегенді
Шығарамын сөзімнен, – дегенін тағы бір еске алайық. Сондықтан да, жастардың адасуына жол бермеу маңызды және ұлттық құндылықтарға жат элементтердің еніп кетуі елдің тұрақтылығы мен бірлігіне нұқсан келтіреді.
Қазақтың ұлттық коды ежелгі дәуірден бастап жинақталып, қалыптасты. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғырту басты мәселенің бірі. Бұл өзімізді жоғалтпау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту болып табылады. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, оң-солын таныған баласына дейін ұят болады, жаман болады деп жағымсыз қылықтардан тыйып өсірген ата-ана баласына жақсылық пен жамандықтың не екенін айтып, баланың мінезін, тұлғасын қалыптастырады. Осы негізде қазақ халқында көргенділік, өнегелік категориясы қалыптасты, дамыды. Қазақ үшін ауыр сөз «көргенсіз, өнегесіз екен» деген болды. Көргенсіз деу арқылы тек ата-анасы ғана емес, өскен ортасы, ағайын-туысы, жақын-жуығы бәрі айтылды емес пе?! Ештеңе көрмеген, өнеге-тәрбие үйренбеген деу адамның ұлттық құндылықтарынан, ұлттық кодынан ажырап қалғанын көрсетіп тұр емес пе?!
Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың дамуын Елбасы үлкен мәселе етіп көтеріп, екі қырын атап көрсетті: бірі ұлттық сананың көкжиегін кеңейту, екінші ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатерінің» де бар екенін ескертеді. Ол қандай қатер деңіз? Қатер мынада: өзгенің ұлттық даму үлгісі жұрттың бәріне бірдей ортақ әмбебап үлгі бола алмайды. Біз Ресейдің, батыс елдерінің немесе басқалардың даму жолын сол қалпында өз ерекшеліктерімізді ескерместен толық көшіріп ала алмаймыз. Елбасымыздың көрсетуінше, «іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастырады». Мысалы, әртүрлі діни ағымдар жетегіндегі сақалы кеудесіне түсетін 20-30-дағы жігіттер мен хиджап киіп, тұмшаланып алған қыздарды қабылдай аласыздар ма?! Бізде бұрыннан қалыптасқан қазақ қоғамының өзіне тән құндылықтарында олар болды ма? Әрине, жоқ. Сондай-ақ, білім жүйесінде шетелдің бәрі жақсы екен деп, толықтай сол жүйені көшіріп алғанда, сапалық өзгерістерге жете аламыз ба? Әрине, ол да күмәнді. Бірақ, сыннан өткен тиімділігі жоғары салалық даму моделдерін қолдану жаңашылдыққа бастайтыны да сөзсіз. Елбасымыз ескертіп отырғандай, қазақ білім жүйесінің тиімділігі мен сапалық деңгейі жоғары өзінің дербес даму үлгісін жасауы қажет. Ол ұлттық сананы, ұлттық рухты асқақтатып, жастардың бойындағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелеуі тиіс. Сонымен қатар, әлемнің дамыған елдерінің ғылым мен техникада жеткен жетістіктерін меңгеру оны елімізде енгізу, жетілдіру арқылы өзіміздікін шығару да ұлттық біліктілікті талап етеді. Н.Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деуінің мәнісін терең түсіну абзал.
Қазақ халқының ұлттық болмысы халықтың басынан өткізген әртүрлі оқиғалар мен кезеңдер процесінде ғасырлар бойы қалыптасты. Сонау, өткен ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы, бертіндегі Ресей империясының отарлық саясаты, ұлт-азаттық көтерілістері, ашаршылық, репрессия, соғыс т.б. біздің халқымызды шыңдады. Халықтың бойында сапалық қасиеттер нығайды. Естеріңізге түсірсеңіздер, қазақ жеріне поляктар, кәрістер, шешен, ингуштар, немістер т.б. халықтарды депортациялағанда, қазақтар өздері аш құрсақ отырса да, қолындағысымен бөлісті. Рас па, әрине рас. Сондықтан да, біз өз басымыздан қаншалықты қиыншылықтарды өткізсек те қайта көтерілдік, қайта аяққа тұрдық. Қазақ «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген принциппен өмір сүрді. Жанынан ар-намысты жоғары қойды. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, біз «мың өліп мың, мың тірілген» қазақпыз. Ендеше, ұлттық кодымыз, ұлттық құндылықтарымыз негізінде біз алға жылжуымыз керек.
Қоғамдық сананың жаңғыруы біздің еліміздің алға жылжуын тежейтін осындай дертпен күресуді қажет етеді. Егер, зер сала қарасаңыздар, әлемдік даму рейтингінің басында тұрған мемлекеттерде коррупция жоқ немесе өте төменгі деңгейде. Қоғамда меритократиялық принцип орныққан. Қабілетті, білімді, жаңашыл адамдарға мүмкіндік жоғары. Сондықтан, бұл мемлекеттердің бәсекелесу қабілеті, экспорттық потенциялы жоғары. Осы арада жапондық бір ғалымның сөзі еске түседі: Әлемдегі мемлекеттер өзінің ішкі бірлігі, ұйымдасуы мен қабілеттілігіне сәйкес: өндіруші, тұтынушы және шектеулі жағдайда өмір сүреді дейді. Ал жапондар қазіргі уақытта әлемдегі мықты өндіруші мемлекеттердің бірі. Олардың Тайотасы бүкіл әлемге тарап кетті. Кез-келген жерден кездестіруге болады.
Ұлы Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген болатын.
Сонымен, бүгінгі қоғамның басты талабы – бәсекеге қабілеттілік. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, әрбіріміздің, әрбір саланың жалпы мемлекеттік бәсекелік қабілетімізбен айқындалады. Сондықтан, әлемнің дамыған елдерінің қаржы, ғылым мен техника саласында жеткен жетістіктерін игеру, оның тиімді жолдарын елімізде қолдана білу, шетел тілдерін меңгеру, мәдени байланыстар орнату біздің дамуымыз үшін басты факторлар. Меніңше, бізде прагматистік көзқарас басым болуға тиіс. Айналамызда не болып жатыр, олардың бізге тигізетін ықпалы қалай. Бізге тиімді ме, тиімсіз бе деген сұрақтарға уақытында нақты және дәл жауап таба білуіміз қажет. Олай болмаса, біз басқалардан қалып қоямыз.
Жалпы прагматизм – кез-келген мемлекеттің өзінің ұлттық потенциалын нақты білуі, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес, болашақты жоспарлау, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлыққа жол бермеу. Осы праг-матистік позиция алдыңғы қатарлы елдерде басым. Сонымен қатар, қазіргі уақытта латын әрпіне көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Әрине, ол бірнеше факторлармен байланысты. Қазіргі күні бірінші сыныпқа барған балалардың 90 проценті қазақ сыныптарында отыр. Жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда қазақ топтары да шапшаң өсу үстінде. Демек, Президент өз мақаласында атап өткендей латын әліпбиіне көшудің ең басты алғышарттары бар деуге толық негіз бар. Ендігі басты мәселе, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Латын әрпіне өту елімізде бірегейлік пен бірлікке іргетас бола ма деген де үміт бар.
Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан әлемдік өркениетте өз орнын белгілеп, алдыңғы қатарға шығу мақсатында талпыныстар жасауда. Қажетсіз сілкіністер мен саяси-экономикалық дағдарыстардың қақпанына түспес үшін эволюциялық даму бағытын басты бағдар ретінде ұстанып, ұлттық құндылықтарды өркендетуді қалайды. Қажетсіз сілкіністер деп отырғанымыз әлемнің бірқатар елдеріндегі, мысалы, Ирактағы, Египеттегі, Ливиядағы, Сириядағы және т.б елдердегі саяси дағдарыс аталған елдердің дамуына тежеу салды. Ашығын айтып қоялық, бұл біздің жолымыз емес. Біз ұлттық құндылықтар негізінде елімізде тұрақтылық пен сенімнің, бірліктің орнауына күш салуымыз қажет, ал, ол өз кезегінде даму, өркендеуге жол ашады.
Бүгінгі күні Қазақстанда этносаралық бірлік пен бірегейлікті нығайту мен сақтау басты мәселе. Ол үшін не істеу керек?
1. Этностар арасында тууы мүмкін кездейсоқ немесе қандай да бір мүдделі топтар мен күштердің әдейі ұйымдастырған арандатушылық әрекеттері мен қақтығыстарына жол бермеу.
2. Ел ішінде діни және ұлтаралық қақтығыс тудыру мен басқа аймақтардағы ел мүддесіне қайшы іс-әрекетке қатысушыларды оқшаулау мен алдын алу.
3. Үнемі этносаралық татулықты, бірлікті, Қазақстандағы этностардың сапалық қасиеттері мен патриот тұлғаларын үнемі насихаттау.
4. Қазақстан халықтарында біз қашан да біргеміз. Қиындықта да, жетістікте біргеміз. Қазақстан біздің еліміз. Бір ел, бір тағдыр, бір Президент ұғымын қалыптастыру.
5. Мемлекетке аты берілген ұлт қазақтар төңірегіне ұйысу.
6. Қазақ тілінің Қазақстанда ұлтаралық қатынас тіліне айналуы мен оның ықпалының артуы үшін белсенді жұмыстар жүргізу
7. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ ұлтына және басқа этностарға қарсы негізсіз әртүрлі сипаттағы материалдарға жол бермеу.
8. Этносаралық бірлік пен бірегейлікке нұқсан келтіретін негативті жайттарға ұлттық белгілері бойынша бөліну, коррупция, әлеуметтік әділетсіздікке т.б жол бермеу.
Әлемнің көптеген елдері көп этностардан тұрады. Біз 18 млн халқы бар Қазақстанда жүздің үстінде этнос өкілдері бар дейміз, оның ішінде сан жағынан көбі он шақты ғана. Ал, 1 млрд 387 халқы бар Қытай мен 1 млрд 347 млн халқы бар Үндістанды есепке алмағанда, 327 млн АҚШ, 126 млн Жапония, 81 млн халқы бар Германия полиэтносты қоғам. Олардың әрқайсысы да этносаралық шиеленіс пен қақтығыстың тууына мүдделі емес. Осы тұрғыда әр мемлекет өз моделдерін қалыптастыруда. Мысалы, батыс елдерінде кең қолданылатын «мультимәдениет» әртараптана бастады. Ассимляция, интеграция т.б. Осы тұрғыда Қазақстанда ұлттық бірегейлікті сақтауда өз моделін қалыптастыруы қажет. Соның бірі, ұлтты ұйыстыратын, олардың бірлігін сақтау үшін қажетті фактор қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, мектептерді қазақ тіліне көшіру ме деп ойлаймыз.
Николла Макиавелли «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштік пен имандылықтан айрылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды» деп жазады. Осы тұрғыда тәуелсіздік рухындағы ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын ескеріп, өткен жылдарда кеткен қателіктерден сабақ алып, ұлттық мемлекеттік мүддеге қатысты мәселелерде батыл, еркін, өткір болған дұрыс. Біз өз елімізді дамытамыз, өркендетеміз деген мақсат қойсақ, ұлттық рухта ел азаматтарын тәрбиелеу мен қалыптастыру басты міндет.
Бақытбек Ақжанов,
Қостанай облысы,
Аманкелді ауданы, Ы.Алтынсарин орта мектебінің мұғалімі.
«Ақиқат» журналы.