Қазығұрттықтар тойды жоғары дәрежеде өткізді
«Қазығұрт»
монументі ашылды
Биыл Түркістан облысындағы таулы аудандардың бірі, әрі бірегейі саналатын киелі Қазығұрт ауданының негізі қаланғанына 90 жыл толды. Аудан басшылығы бұл тойды атап өтуге жыл бойы көп дайындалды. Әрбір мерейтойдың өзіндік ерекшелігі, айрықша есте қаларлықтай іс-шаралары болғаны мақұл. Аудан әкімі Төлеген Телғараев жетекшілік ететін басшылық тойға тарту етілетін бірнеше әлеуметтік нысандардан бөлек, көрген адамның көңілінде жарқ етіп ұмытылмайтындай осындай ерекшеліктің бірі ретінде демеушілер есебінен құны 25,0 миллион теңге тұратын «Қазығұрт» монументін салуды ұйғарды. Бұл ұсынысты қолдап-қуаттаған қазығұрттық қолы да, көңілі де береген, жаны жомарт атпал азаматтар да табылды. Сонымен, Алматы-Термез үлкен күре жолының оң қапталында, аудан орталығы Қазығұрт елдімекенінің солтүстік жағындағы бүгінде мегаполис, ірі қала мәртебесіне ие болған Шымкент тарабынан кіреберіс жерінде өте көрнекті, көрген көзді сүйсіндіріп жарқ еткендей биіктігі 15,3 метр келетін алып нысан бой көтерді.
Қасиетті Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойы «Қазығұрт» монументінің ашылу салтанатымен басталды. Салтанатты жиында аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, жиналған қалың көпшілікті мерейтоймен құттықтады. Астанадан келген жерлесіміз, Қазығұрт ауданының тумасы С.Әбдірахманұлы: «Кез келген ұлттың, кез келген халықтың ұлы мақтанышы болуға лайықты өзіндік ерекшеліктері, тарихи тұлғалары мен қасиетті орындары болады. Құдайға шүкір, қазақ елінде, қазақ жерінде, құт пен бақ қонған Оңтүстік өңіріндегі, соның ішінде қасиетті Қазығұрт өлкесінде өткен жолы мен тарихи оқиғаларын, тұлғаларын ұмытпайтын, мақтаныштарын аспанға көтеріп қадірлейтін, ардақтысын бағалай алатын, киелі жерлерін қасиеттей алатын асыл ел бар. Міне, тағы да бүгін осы елдіктің бір үлкен өзгелер үйренерлік тамаша үлгісін көрсетіп отырсыздар. Сіздерге, мың-мың алғыс. Мынау монумент үлкен күре жолмен ары-бері өткендердің, кез келген адамның жанарын жалт еткізіп, назарын бірден өзіне аударатын, ынтымағы мен бірлігі жарасқан құтты елдің барын тағы да еске салып, осы елдің ұлылығын, киелі Қазығұрттың қасиеттілігін танытатын керемет туынды, ауданның 90 жылдығына тамаша тарту болып шығыпты. Осыны ұйымдастырған азаматтарға тағы да алғыс айтамын. Бүгінгі тойға жиналған қонақтар мен ағайындар, өздеріңді 90 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын», деді.
Нысанның жалпы жер аумағы 0,2 гектар болса, көгалдандыру аумағы 0,12 гектарды құрайды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Қазығұрт ауданының 90 жылдығына орай салынған монументтің құрылысын мердігер «Тәуекел» ЖШС-і жүргізді. Өте көрнекті, үздік туынды болып шыққан бұл жаңа нысан танымдық мән-мағынасы үлкен, асқан шеберлікпен ұйымдастырылғаны ап-айқын көзге көрініп тұр. Монумент авторлары: аталмыш серіктестік директоры, ҚР мәдениет қайраткері Батухан Бәймен және ҚР Суретшілер одағының мүшесі Құралбек Қосуақов. Олар осы жаңа нысанның мазмұнына «Қазығұрт аңызын» арқау еткен.
Аңыз былайша сыр шертеді: Нұһ ғалейһи саламның уақытында бұтқа табынушылар тым аса көбейіп кетеді. Аллаһ елшісі ел-жұртын жалғыз Жаратушы иеге иман келтіруге шақырады. Алайда бұтқа табынушылар оның айтқан уағызына көнбейді.
Бүкіл әлемді топан су басқанда, Нұһ ғалейһи салам қанатты ұшқан құс пен аяқты жануарлардың аталық және аналық жұптарын алып, кемеге шығарады. Мұның ішінде қазақ халқы қадірлейтін төрт түлік малдың тұқымы да болады. Аллаһ елшісінің нанымдас адамдары мен туған туысқандары, барлығы сексен жан ғана кемеге кіреді.
Аллаһ Табарака уа Тағаланың әміріменен топан су тасқыны алты ай, он күнге созылады. Нұһ пайғамбардың кемесі күн шығардағы Қазығұрт тауына келіп қайырлайды. Таудың жоталарына түскен жан-жануарлардың аяғы тиіп, басқан жерлері қасиетті болып қалады. Олар: Қазығұрт Ата, Ақбура Ата, Шілтер Ата, Көзді Ата, Қызыл Ата, Қайнар Ата және Мейрам Ана деп аталады. Нұһ пайғамбардың өзі, Хам, Сам, Иафес атты үш ұлы, Әшиат, Ләйла, Айша деген үш келіні ғана аман қалады. Бұлардан адамзат ұрпағы қайта өсіп-өніп, өркендеген екен.
Міне, осындай аңыз әпсана жүлгесін бейнелеген монументтің солтүстік жағына Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген сөзі тасқа қашалып жазылған. Содан соң «ҚАЗЫҒҰРТ» деп таңбаланған. Орта белінде бүкіл әлемді басқан топан судың буырқанған толқындары айнала өрнектеліп, оның жоғарғы жағында пирамида секілді Қазығұрт шыңы бейнесі және шарға ұқсастырып жердің аспандағы серігі – ай бейнеленген. Нысанның ең биігінде қасиетті Қазығұрт тауының басына қайырлаған делінетін Нұһ пайғамбардың кемесі орнатылған. Кемеден төмен қарай пирамида-шыңның солтүстік және оңтүстік, екі жағында да өмір ағашы бейнеленген. Ол ағаш – осы таудың басында қалған кемеден тараған, өсіп-өнген тіршіліктің белгісін танытып тұр.
Монументтің екінші оңтүстік жағына латын әріптерімен: «Қазығұрт – адамзаттың алтын бесігі», — деп жазылған. Және де осы тарабында төрт түлік малдың ұлығы түйенің мүсіні сомдалып жасалған. Бұл – Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс бөктеріндегі Һәзірет Ақбура Атаны еске салады. Оның жақын маңайында күбі пісіп тұрған келіншек, немересімен отырған қария мүсінделген. Мұның да өзіндік мәні бар. Бір жағынан, ол – Қазығұрт тауынан өсіп-өркендеген жер бетіндегі бүкіл адамзат баласын, екінші жағынан, тау баурайын
түркілердің ата жұрты ретінде иеленіп қалған, салт-дәстүрін берік ұстанған қазағымыздың қазіргі үрім ұрпағын танытады.
90 жылдық мерейтойға жиналған қалың көпшілік пен алыс-жақыннан келген қонақтар жаңадан ашылған биік монументті тамашалап көріп, кереметтей ұйымдастырылған құрылысымен танысып, сүйсінгендерін жасыра алмады.
Этноауылда салт-
дәстүріміз ұлықталды
Қазығұрт ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттайтын іс-шаралар да ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламент Сенатының депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысы және Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Әли Бектаев және тағы басқа қонақтар
дендросаябақта ұйымдастырылған этноауылды аралап көріп, жұмысымен танысты. Этноауылда «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты аудан өнерпаздары дайындаған көріністер қойылып, салт-дәстүріміз барынша ұлықталды. Тойға жиналған қалың көпшіліктің назарына аудандағы барлық мектептер мен балабақшалардан қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Сонымен бірге кепсен тарату, балаға азан шақырып ат қою, баланы бесікке салу, баланың тұсауын кесу мен айдар шашын алу рәсімдері, алты бақан тебу секілді ұлттық салт-дәстүріміз бен ойындарымызды сахналаған көріністер қойылды.
Әсіресе өңір басшысы ақ кимешек киген әжелердің балаға азан шақырып ат қою рәсімі мен оны орындаушылардың шеберліктеріне сүйсініп қалды. Кейін білгеніміздей, олар М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің Гүлзада Омарова, Гүләйім Жүніс, Фарида Қуатбай және Зияш Сейітова секілді мұғалімдері, бас-аяғы он ұстаз екен. Ауылдағы әжелердің балаға азан шақырып ат қою рәсімін шеберлікпен табиғи қалыпта сахналай білген олар баланың құлағына үш рет айқайлап, атын Нұрқазы деп қойды. Біз өнерлі әженің бірі Гүләйім Жүністі сөзге тартқанымызда, ол: «Елбасымыз Нұрсұлтандай ел-жұртқа абыройлы болсын деп оның «Нұрын» ырымдап алдық, Қазығұрт тауындай мәртебесі биік болсын, әділ болсын деп оның «Қазысын» бөліп алдық. Содан баланың есімін Нұрқазы деп қойдық. Бұл атты таңдауымыздың түпкі мәнісінің бір себебі – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» арқылы халқымыздың бар рухани дүниесіне мән беріп, қасиетті орындарымызды шындап танытуға жол ашып бергеніне ризашылығымыз, екінші себебі, әрине, жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енгізілген киелі Қазығұрт тауы кешеніне деген сүйіспеншілігіміз», – деді.
Этноауылда тігілген үлкен киіз үйдің алдында балалар асық ойнаудан жарысса, басқа да спорттық іс-шаралар саябақтың кіреберісінің сол жағында қызу тартыста жүріп жатты. Су бұрқақтың алдында аудандағы жеткен жетістіктердің көрмесі орналасыпты.
20 отбасы қоныс
тойын тойлады
Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған қонақтар осындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылып, ел игілігіне берілгеніне куә болды. Олар алдымен аудан орталығы Қазығұрт елдімекенінің «Болашақ» шағын ауданынан бой көтерген 16 пәтерлі, 2 қабатты 4 тұрғын үйдің кілттерін пәтер иелеріне, 20 аз қамтамасыз етілген отбасы мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға табыс етіп, қуаныштарына ортақтасты.
– Әрбір тойға тарту болады. Қазығұрттың 90 жылдық мерейтойына байланысты, ең үлкен тартудың бірі – осы тұрған халыққа 64 пәтерлі осы төрт тұрғын үйдің тапсырылуы ең үлкен қуаныштың бірі деп есептеймін. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, тұрғын үйлер заманауи, бүгінгі талапқа сай салынған. Су, көгілдір отын жүйелері мен жарық тартылған. Ғимараты еңселі. Іші жарық. Сондықтан да бүгінгі тойымыз, қуанышымыз пәтердің кілтін беруден басталады. Иншалла, келешекте мұндай жұмыстар, қуаныштар өз жалғасын табады, үлкен-үлкен тойлар көбейе береді деп ойлаймын. Тағы да сіздерге құлаққағыс ретінде айтайын дегенім, қазір біздің мақсатымыз жалпы аудан орталықтарында – көп қабатты үйлерді көбірек салып, пайдалануға беру. Себебі, ары қарай жайылып кете беруге болмайды. Біздің Түркістан облысында жерді қадірлеуіміз қажет. Құрметті қоныс иелері, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін. Отбасыларыңыз бақытты сәттерге тола берсін, той тойға ұлассын, – деді аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы.
Көп балалы, жалғыз басты ана Зүльфия Салимова 3 бөлмелі пәтердің кілтін алып, бізбен қуанышын бөлісті: «Кезекте тұрғаныма 11 жыл болды, сабырлылықпен күттік қой. Жеттік қой осы қуанышты күнге. Елбасымызға, облыс әкіміне және аудан басшыларына рахмет. Өте қуаныштымын. Алла разы болсын», — деді.
Осындай пәтер мен қуанышқа ие болған, жеті баланың әкесі, екінші топ мүгедегі Рахымжан Сұлтанов та осындай баспана берген билік орындарына аппақ алғысын айтты.
Сондай-ақ, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған Аманкүл Елемесова, Нұрислам Аманкелді мен Берік Алтынбаевқа және жалғыз басты аналар Өзипа Түзелбаева мен Күлшат Шегірбаеваларға да пәтер кілті табыс етілді.
Тағы да жақын уақытта 44 отбасы көшіп келіп, жалпы 64 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Сондай-ақ, «Болашақ» шағын ауданынан 210 орынға арналған «Жеңіс» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, мерейтой күні ашылып, пайдалануға берілді. Нысанға облыстық бюджеттен 432,893 миллион теңге қаралып, бой көтерген. Салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындардың қуанышында шек болмады. Салтанатты іс-шараға куә болған қонақтар «Спорт» әні аясында спорт мектептерінің және Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебі оқушыларының флешмоб билегенін тамашалады. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев жас спортшы балалармен кездесіп, таяуда ғана әлемдік ареналарда ауданнан шыққан шарапханалық Ержан Жомарт, Абдулла Еркебұлан сынды сайыпқырандардың топты жарып шыққанын айтып, солардың жолын қуып, осы кешенде жаттығып, келешекте бүкіл қазақтың спортын әлемге паш ететін, намысын қорғайтын өрендердің түлеп ұшуына тілектестік білдірді.
Содан соң тойға жиналған қалың көпшілік 100 орынға лайықталған жаңа ғимаратта жұмысын бастап отырған екі қабатты «Өнер» мектебінің ашылу салтанатына қатысып, суретші балалар, оқушы бишілердің, болашақ әншілердің өнерлерін тамашалады. Негізі 1974 жылы құрылған балаларға музыкалық және эстетикалық тәрбие беріп келген, осы күнде апатты жағдайға жеткен «Саз» мектебінің мұғалімдері осындай зәулім ғимаратқа көшіп өткендеріне қуанысып, жоғарғы басшыларға алғыстарын жаудырып жатты. «Өнер» мектебінің директоры Бауыржан Темірбаев ендігі жерде өнер жолына түскен балалардың осындай заманауи, уақыт талабына сай салынған ғимаратта дайындалып, өнерлерін шыңдап, облыстық және
респубикалық байқауларда бақтарын сынайтынын жеткізді.
Қазығұрт – адамзаттың рухани шыңы
Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, орталық Мәдениет сарайында «Қазығұрт – адамзаттың рухани шыңы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Оны аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев жүргізді. Таяуда ғана «Қазығұрт ауданының тарихы» деген кітапты жазып, «Жебе» баспасынан жарыққа шығарған жазушы Момбек Әбдәкімұлы Қазығұрттың көне жұрттар мекені болғанына тоқтала келіп: «Мұнда бір кездері біздің арғы ата-бабаларымыз болып есептелетін Сақтар мен Ғұндардың, Қаңлылар мен Үйсіндердің жұрттары мекендеген. Бір уақыттарда Қазығұрт етегін Шыңғыс хан, одан кейін Ақсақ Темірдің әскерлері дүбірге толтырған. Қазақтың алғашқы
сайыпқыран хандарының Алаш Ордасының шекарасын кеңейту мақсатындағы ұлы жорықтары да біздің өлкеден өткен», — деді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Дөкей Тәлеев Келес пен Қазығұрттың қазақ тарихындағы ерекше орын алатын алғашқы кезеңіне, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырменен біздің заманымыздың ІІІ ғасыр аралығында болған тарихи жағдайларға Қытайда жазылып қалған дереккөздер бойынша тоқталды. Ол: «Сол дәуірге жататын бірнеше археологиялық ескерткіштер зерттелген. Солардың бірі – Қазығұрт қалашығы деп аталады. Бұл қалашық қазіргі қаңлы ұрпақтарының Келдібек бабаға арнап қойған ескерткішінен батысқа қарай бір жарым шақырым жерде, Келес өзенінің сол жағасында орналасқан. Оны алғаш 1982 жылы Н.П.Подушкин жетекшілік ететін Шымкент педагогикалық институтының археологиялық тобы ашқан. Біз оны 1992 жылы зерттеуді қолға алдық. 1998 жылы қазба жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп, Қаңлы патшалығының біздің заманымыздың І-IV ғасырларға жататын қалашығы болғандығын анықтадық. Қытай дереккөздері бойынша, Таластан ары шығысқа қарай ежелгі Үйсін патшалығының, одан бері қарай осы күнгі Бұқара мен Самарқанға дейін Қаңлы патшалығының жері болған», — деді.
«Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевқа сөз берілгенде ол Қазығұрт ауданының тауы мен жері ғана емес, оның халқының да қасиетті екенін қисынын келтіріп былай деді: «Құрметті жерлестер, ардақты ағайын, қымбатты зиялы қауым, құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Бүгін бәріміз үшін ең айтулы күн. Қазығұрт ауданына 90 жыл толып отыр. Қасиетті Қазығұрт тауы мен ауданның біздің қоғамымызда алатын орны, мұның тарихы, ол туралы көптеген мәселелер мен әңгімелер күні бойы бүгінгі өтіп жатқан іс-шараларда, осы ғылыми-теориялық конференцияда айтылып жатыр. Өздеріңізді мерейлі мерекелеріңізбен Парламент Сенатындағы бір топ депутаттардың атынан, әрі Қазығұрттың тумасы ретінде өзім мен отбасымның атынан шын жүректен құттықтағым келеді. Қазақтың жақсы сөзі бар, «Тойдың өзі тоқтықта» дейді. Бүгінгі біздің ауданымыздың 90 жылдық мерейтойының өтіп жатуы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған дұрыс саясатының, екіншіден, тәуелсіздігіміздің арқасы. Біз осы тәуелсіздіктің арқасында өзіміздің тарихымызды қайта жаңғыртатын, өшкенімізді жандыратын, өлгенімізді тірілтетін, төрт құбыламызды түгендейтін жағдайға жеттік. Аллаға мың да бір шүкіршілік, экономикамыз дамып, хал-ахуал артып, жылдан жылға жақсарып, осындай той өткізіп отырмыз. Осы 90 жылдықтың өзі бірнеше ауданда өтіп жатыр. Жансейіт Қансейітұлына рахмет. Барлық аудандарға барып, өзі қатысып, елді өзінің жақсы ниетімен, тілегімен құттықтап, осы мерейтойлардың барлығын тиянақты тірліктермен атқарып жүргені үшін. Барлық аудандарда әлеуметтік нысандар ашылуда. Міне, Қазығұрт ауданында да Өнер мектебі мен спорт кешені ашылып, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Шынында да той деген солай болып өтуі керек қой деп ойлаймын. Оңтүстік өңіріндегі Түркістан облысында ауыз толтырып айтатын жетістіктердің көп болғанына тәубе дейміз. Бүгінгі мерейтой құтты болсын. Осы той халқымыздың, еліміздің, жұртымыздың болашағына тағы да бір үлкен баспалдақ болатындай, жастарымызға қанат бітіретіндей, үміттерін арттыратындай, осы Қазығұртты тағы да бір сілкінтіп, серпілтіп тастайтындай той болсын. Алла Тағала осы сіздердің ынтымақтарыңызды, берекелеріңізді, бір-біріңізге деген сыйластықтарыңызды басқа жұртқа да жұғысты етсін дегім келеді. Мен бұл ауданды жақсы білгеннен кейін барлық жерде осы елдің ынтымағы мен бірлігін, ақсақалдардың батагөйлігін, жастардың үлкенді сыйлайтындығын айтамын. Бұл – халқының қасиеттілігімен де ерекшеленіп тұратын аудан. Мерейлі мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға, елімізге бақ-береке тілеймін», — деді.
Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» кітабына беташар сөз жазып, Қазығұрттың «қазық жұрт» деген мағына беретінін тұңғыш рет әспеттеген, филология ғылымдарының докторы, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов өткен тарих сырларын былайша ақтарды: «Ардақты ағайын, құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Сіз бен біз ерекше бір кезеңде бас қосып отырмыз. Қазір бүкіл мемлекетімізде, халқымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» туралы мақаласынан кейін бөлекше бір бұлқыныс, ерекше бір сілкініс, іштей түлеу, жаңғыру, жаңару, жасару бар. Сол жаңғырудың бір тетігі – туған жерге деген көзқарасты орнықтыру, мекендендіру. Президенттің мақаласында туған жерге байланысты ірі-ірі сөздер айтылған. Елбасымыз былай деп айтады: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің де иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды». Елбасымыз осылай дейді. Біз бәріміз бүгін туған жерге тағзым етудің тағы бір тамаша іс-шарасында бас қосып отырмыз. Бала күнімде Ғабидин Мұстафин ақсақалдың «Көз көрген» шығармасынан мына бір сөздерді жазып алып, кейін жадымда жатталып қалып еді:
«Кіндік кесіп, кір жуған,
Асыр салып аунаған,
Сонда да бүгін тынбаған
Құба төбел ауылдан
Көркем жер сірә бар ма екен?», — депті.
Ал енді әр адам үшін, сол құба төбел ауылдың өзі, кәдімгі айтақыр даладағы құм суырған шөлді мекендегі туған жерінің өзі, әлемдегі ең көрікті, ең табиғаты тамаша деген жерлердің өзінен де артық, қымбатты. Ал егер ол жер Асан Қайғыдай данышпан: «Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен», — деп бағалап кеткен жер болса, онда қалай болады? Ал егер ол жер бүкіл қазақ баласы: «Басында Қазығұрттың кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?», — деп керемет көрген, әр адам бала күнінен естіп өскен, аңызға айналдырған жер болса, онда қалай болады? Ал егер ол жер есте жоқ ескі замандарда төсінде небір ғажайып оқиғалар өткен, тағылымды тарихқа тұнып тұрған жер болса, аты аңызға айналған македониялық Александрдың Азия жорықтары кезіндегі шешуші шайқастары өткен жер болса, Истеми қағанның Византия елшісі Земархты қабылдаған жер болса, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбан әулетінің, қазақ хандығының көп-көп тарихымен байланысты жер болса, Бәйдібектің шоқысы орналасқан жер болса, Майқы би мен Төле би отауын тіккен жер болса, кешегі бір кер кезеңдерде отаршылдық пен қиян-кескі күрестің қан майданы өткен жер болса, аудан құрылғалы бергі уақытта осында талай-талай тамаша оқиғалар орын алса, талай-талай азаматтар ел игілігі жолында терін төгіп, еңбек етіп, ризық арттырып келсе, тәуелсіздік тұсында таулы өлкенің тың тынысы ашылып, экономикалық-әлеуметтік дамуы да толағай табыстармен жақсарып, бір биіктен кейін бір биікке қол жеткізіп келе жатса, онда қалай болады? Қалай болушы еді, онда мұндай жер сонда дүниеге келген адамдар үшін ғана емес, бүкіл осы облыс үшін ғана емес, жалпы халық үшін аса ардақты, аса аяулы болады. Сондықтан да барша қазақ аңызға айналдырған, барша қазақ көз тіккен ондай жердің мерейтойы да бүкіл халықтық деңгейлі мерекеге айналады. Қасиетті Қазығұрт – әр қазақ, бар қазақ мақтан тұтатын ұлы мекен. Ері мен елі жайсаң Қазығұрттың торқалы тойы құтты болсын, ардақты ағайын», — деді.
Аймақ басшысы Қазығұрт ауданында мерейтойға тарту ретінде 14 нысанның пайдалануға беріліп отырғанын айтып, ауданнан шыққан батырлар мен ақындарға, құрметті де қадірлі азаматтарға тоқталып, облысымыздың Түркістан атануы Елбасы тарапынан рухани-мәдени және экономикалық жағынан үлкен жүк артып отырғанын баяндай келіп:
– Қазығұрт ауданы – шынында өзінің жері жағынан, орналасуы жағынан, рухани байлығы жағынан, қай жағынан болса да үлгі. Қазығұрт – қарасаңыздар, стратегиялық жерде тұр. Осы дүниеде Нұһ пайғамбардың кемесі тоқтаған жер деп айтылатын бірнеше жер бар. Қазығұрт тауы да, Арарат тауы да айтылады. Бірақ соның ішінде біз Қазығұртты бөліп алып, неғұрлым барлығымыз осы ауданның дамып, туризмі мен экономикасын жолға қойып, дамытып, жақсартып, көрсетіп отырсақ, соғұрлым Қазығұрт ауданының да, облыстың да дәрежесі көтеріледі… Ғасырлар бойы айтылып келе жатқан Қазығұрт деген атау, бүкіл
Қазақстанда тек сіздерге бұйырып отыр, осы – бренд. Ал ол сіздерге рухани-мәдени жағынан, қай жағынан болса да дамытуға үлкен көмек, — деді.
Облыс басшысы ауданның негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, барлық жағынан ілгерілеп отырғанын атады. Содан соң ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.
Ғылыми-теориялық конференцияның соңында Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек пен соғыс және еңбек ардагері, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Нұрмаханбет Әжіметов мерейтойға арналып шығарылған «Киелі Қазығұрт» фотоальбом-кітабы мен Момбек Әбдәкімұлының «Қазығұрт ауданының тарихы» кітабының тұсауын кесті.
Біз де тойға тарту ретінде «Алтын
шаңырақ» баспасынан «Харзиян шаһары һәм Ысмайыл Ата» және «Түркістан облысының әулие-әмбиелері» кітаптарын жарыққа шығардық,
Той «Мергенбай ата» салтанат сарайында жайылған дастархан басында жалғасын тауып, онда концерттік бағдарлама көрсетіліп, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар мен алыстан келген қадірлі қонақтар «Қазығұрт ауданына 90 жыл» медалімен марапатталды.
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.