Бағытымызды айқындаған басты құжат
Елбасымыздың биылғы қазан айындағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жалпы жұртшылықтың сенім жүгіне қуатты серпін берді. Бүкіл дүниенің нарығына шарпып тұрған дағдарыс кезеңінде халық назарына ұсынылған жылдың маңызды құжаты халқымыздың ертеңге деген сенімін арттыра түсті.
Елбасымыз осы әлемдік қиын кезеңдерді алдын ала болжап нақты бағдарламалар жасауды үкіметке тапсырған болатын. Елбасы Жолдауына сүйенген барша мемлекеттік ұйымдар тарапынан нақты жұмыстар атқарылуда. Әрине әлемдік сипат алып отырған бұл дағдарыс біздің елімізге де өз әсерін тигізбей қоймайды. Елбасымыздың сарабдал саясатының, еліміздегі бірлік пен тыныштықтың арқасында бұл күндерді де абыроймен еңсерерміз.
Бұл Жолдаудың халқымыз үшін орны бөлек десек те болады. Жылдың басты құжатында Елбасымыз дағдарысты еңсерудің, халықтың әл-ауқатын, еліміздің әлеуметтік даму стратегиясын нақты жолдарын көрсетіп берді. Бір сөзбен айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасының заңды жалғасы іспеттес құжат ел тарихында өз қолтаңбасын қалдырары анық. Осындай қысылтаяң шақтарда да халықты әлеуметтік қолдау шараларын жалғастыру мәселесі де осы Жолдауда тағы да көрініс берді. Жолдаумен нақты танысып өткен әр адам бұл құжатта Елбасының барлық сала бойынша даму, өсу реформаларын қарастырып өткендігін тез аңғарады. Қазақстандық тауарлардың сапалы, бәсекеге қабілетті болуы, тұрғындарды отандық өнімді тұтынуға шақыруы елжандылықтың белгісі емес пе?
Бұл Жолдау елімізде ғана емес әлемнің түкпір-түкпірінде талданып, қолдау тауып жатқандығын көріп отырмыз. Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын дәстүрлі түрде талдау мен қуаттауды Созақ ауданы жұрты тұрақты жалғастырып келеді.
Жолдауда Елбасымыз экономиканың барлық саласын дамыту тетіктері мен әлеуметтік жағынан қамсыздандыру мәселесін анық көрсеткен.
Еңбекақымыздың көтерілуі бізге қосымша жауапкершілік жүктейді. Оны бізге көрсетіп отырған құрмет пен сенім деп ұққанымыз жөн. Жолдауға адал еңбегімізбен және нақты нәтижелермен қолдау беруге тиістіміз. Біздің мекеме ұжымы мен барлық әріптестеріміз Отанымыздың игілігі үшін бір қолдың саласындай қызмет атқарып, Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындауға және оны жүзеге асыруға шақырамыз.
Жолдаудағы көрсетілген міндеттердің барлығы дағдарысты еңсеруге, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылып, бай да қуатты «Мәңгілік елге» айналуға бағытталғанын атап өткім келеді. Бұл дегеніміз Елбасы Жолдауының нақты іс жүзінде пәрменді жұмыс жасауы екенін білеміз. Елбасымыздың «Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз. Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы. «Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді халқымыз. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту» деген жолдар аудан халқына зор қолдау мен сенім жүгін артуда.
Әбдуәлі Баймағанбетов,
Созақ ауданының
Құрметті азаматы, зейнеткер.