Македонияда Мағжанды еске алды

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Македонияның Скопье және Гостивар қалаларында «Түркі әлемінің ұлы перзенттері» атты халықаралық ғылыми конференциялар өткізді.

Екі конференция да биыл ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан атаулы жыл болып жарияланған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына және қазақ ақыны Мағжан Жұмабайдың 125 жылдығына арналды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ бастаған ресми делегация мен жиынға қатысушы ғалымдарды Македония Сыртқы инвестициялар министрі Аднан Кахил және Мәдениет министрі Асаф Адеми арнайы қабылдап, ұйымның мәдени интеграция саласындағы жаңашыл жобаларына табыс тіледі.
Конференцияда сөз алған ғалымдар қазақ ақыны Мағжан Жұмабай мен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов мұраларының түркі халықтарының мәдени өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, олардың әлем әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етті.
Жиын кезінде «Мағжан Жұмабай жылы» аясында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тарапынан жарияланған Мағжан ақынның үш жинағы таныстырылды. Олардың біріншісі — түрік тіліне жаңадан аударылған (аудармашы — Али Акбаш) «Алыстағы бауырыма» жинағы, екіншісі – ақынның он екі тілдегі аудармаларының топтама жинағы (құрастырған- Асқар Тұрғанбаев), үшіншісі – әзірбайжан тіліндегі (аудармашы – Рамиз Әскер) Мағжанның «Түркістан» топтамасы.
Скопье қаласындағы Македония мемлекеттік университетінің Түркология бөлімінде және Гостивар қаласындағы Визион университеттерінде өткізілген конференциялардың нәтижесінде Мағжан ақынның мұраларын македон тіліне аудару келісілді.

М. САБЫР.