Түркі әлемі «Әзірет сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдығын тойлады
Жуырда Түркістан қаласы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдығын кең көлемде атап өтті. Мерекелік шара аясында тарихи бес кітаптың тұсауы кесілді. Музей қорындағы құнды жәдігерлер негізінде шығарылған альбом-каталогтар «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы», «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық даму тарихындағы мұрағаттар қамтылған «40 жылдық альбом», сондай-ақ әр кезеңде хатқа түскен, ел аузында айтылып жүрген аңыз-әпсаналардан жинақталған «100 аңыз» және «Жетпіс хикмет» кітабының латын әліпбиіндегі нұсқасы тарихи мұра болып қаланды.
«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдесі жоқ сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның
бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орны да айрықша. Қорық-музей Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует, Әулие Құмшық Ата қылуеті, Сегіз қырлы кесене, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі, Шығыс моншасы, Есім хан кесенесі тағы да басқа археологиялық, тарихи-сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төңірегіне Жолбарыс хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр тағы да басқа 200-ден аса тарихи тұлғалар жерленген. Тарихы мен қасиеті терең Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұраларын ұрпақ баласына мәңгілікке сақтап, насихаттауға арналған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіндегі жәдігерлер саны қазіргі таңда 25000-ға жуықтады. Құнды дүниелерді жинақтап, сақтауға кешегі және бүгінгі әрбір музей қызметкерлері мен мәдениет жанашырларының, археолог, тарихшылардың үлесі зор. Өмірден өткен музей майталмандары мен жанашыр тұлғаларының әруағына әрқашан бас иіп, тағзым етеміз», — деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығы аясында «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ БОЙЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАР» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп, Өзбектан, Түркия, Әзірбайжан, Украина елдерімен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары қатысты.
Конференцияда Түркістан жазирасында ортағасырлық қоныстар, қалалар мен астаналар, Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық қалалардағы ғылым мен мәдениет, шетелдік зерттеушілер мен саяхатшылар еңбектеріндегі ортағасырлық қалалар, Рухани жаңғыру: музей ісі және ескерткіштерді қорғау мәселелері мен тарихи-мәдени туризм және оны дамыту жолдары мен бағыттары жөнінде қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде кеңестер алмасып, талданды.
Конференция аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлы мен Түркістан облысының әкімі Ж.Қансейітұлының арнайы құттықтаулары оқылып, алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, музей саласын дамытуға еңбек сіңірген басшылар мен қызметкерлер «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдығы медалімен марапатталды.
«Барша түркі жұрты Түркістан қаласы алдында бас иеді. Түркістан – біздің де Отанымыз. Мен Қожа Ахмет Ясауидің 27-ші ұрпағымын. Атамыз 1928 жылы Түркия Республикасының Стамбул қаласына қоныс аударған. Бүгінде Ясауи ұрпағы аз ғана қалды. Бабамыздың мұраларын жинақтап, ұрпаққа насихаттау жолында ғұмыр бойы ізденіп келемін. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдығына орай тұсауы кесілген латын әліпбиіндегі Қожа Ахмет Ясауидің «Жетпіс хикмет» кітабының жарыққа шығуымен құттықтаймын. Конференцияда да көптеген тың деректер айтылуда. Ұрпаққа мәңгілік тарихи із қалдырар мәлімдемелер көп», — деді Ясауитанушы Исметулла Ясауи.
Конференцияны ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Түркістан облысы әкімдігінің бірлесуімен өтті.
Келесі күні жиынға қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қорық-музейдің тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, Ясауи бабамыздың қызы Гаухар ана, Үкаша ата кесенесіне барып құран бағыштап, құдықтағы суын алып, Сауран қалашығымен де танысты. Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан және Украина, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген делегаттарға белгілі археолог-ғалым Марат Тұяқбаев экскурсия жүргізді.
Мәдина САБЫР.