Түлік төресі – түйені Ұлы Дала тұрғындары қолға үйреткен
Адамзат тарихының дамуы мен қалыптасуына қазақ жерінің қосқан үлесі сүбелі. Ең алғаш рет ғарышқа аттанған кеменің біздің Байқоңыр жерінен ұшқанын тілге тиек етудің өзі соған дәлел. Сонымен қатар, алғаш рет жылқының алғаш рет қолға үйретілуі ұшса құстың қанаты талатын ұлан ғайыр жерімізде болғанын да айта кеткен артық етпес. Бұл үрдіс осыдан бес жарым мың жыл бұрын болғанын және оның еліміздің Солтүстік аймағында орын алғанын археологтар дәлелдеген. Бұл бұған дейін де көптеген басқосуларда айтылып, мойындалған тақырып.
Жасыратыны жоқ бұл жаңалықтардың барлығы біз үшін кеуде керер мақтаныш. Қазақ жерінің өркениеттің дамуына өзіндік үлес қосқаны осымен түгесілмейді екен. Бұған археологтардың тағы бір тұжырымы тұздық болады.
Жуырда Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейіне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияда есімі елге жақсы таныс Мұхтар Қожа адамзаттың дамуы жөніндегі тарихтың қалыптасуына Қазақстандағы Ұлы Жібек жолын мекен еткен тұрғындардың қосқан үлесі сүбелі екенін алға тартты. Бұл тұрғыдағы ойын ол былай деп сабақтай түсті.
– Елімізде Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған, бірнеше ғасырлық тарихы бар Ұлы Жібек Жолының әлем экономикасындағы алар орны екшелетін басқосулар жиі ұйымдастырылады. Бірақ екі тарапты жалғайтып осы алтын көпірдің бойында қоныс тепкен тұрғындардың осы бағыттың дамуына қосқан үлесі айтылмайды. Мұндағы адамдар кезінде сауда-саттықтың көркін қыздырғаны туралы деректер жетерлік. Бірақ сол уақыттар суреттелген сарғайған тарих беттерін ашсаңыз қызған сауданың қос өркешті түйесіз болмағанына қанық боласыз. Өйткені ол жүк тасу құралы болған. Барыс-келісті жеңілдеткен. Ал оны керуенбасылар қайдан алды? Әлбетте Ұлы Жібек жолының бойындағы сарыдаладан алды. Ал көштің сәнін келтірген сол киелі жануарды ең алғаш қолға үйреткен ол Ұлы Дала тұрғындары. Мәселен, біздің ата-бабамыз табиғаты асау жылқыны жеті қазынасының бірі санап, оны қолға үйрете білген. Сонымен қатар, олар үзеңгіні де ойлап тапты. Еуропа халқында үзеңгі деген ұғым мүлдем болмаған. Олар атта ұзақ отыра алмай ауып кете беріп біраз қиналған. Сөйтіп мығым отыруға көмектесетін үзеңгіні қолдануды бізден үйренген.
Осылай деген Мұхтар Бахадырұлы Ұлы Жібек жолы бойындағы Ұлы Дала төсінде қолөнер бұйымдарын жасаудың жақсы дамығанын, жібектен тоқылған шекпендер мен тондар Еуропаға дәл осы жерден жеткенін баса айтып, киіну мәдениетін біздің ата-бабаларымыз қалыптастырып кеткенін де нақты дәлелдермен келтіріп өтті.
«Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» атты бұл халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жиналғандар шара барысында айтылған кесек ойлар, келелі пікірлерді Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан «Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасы бойынша басшылыққа алып, оны кеңінен насихаттау туралы ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде ол табысы мол туризмнің дамуына негіз болмақ.
С. НҰРАЙ.