Түркістанда жөні бөлек жиын өтті

Түркістандағы мәдениет үйінде «ТҮРКІСТАН: ЖАҢА АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК» атты халықаралық журналистер форумы өтті. Оған Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан және өз еліміздегі ақпараттық агенттіктердің өкілдері, белді басылымдардың жетекшілері, ғалымдар және студенттер қатысты. Сәрсенбіде болған бұл жиынның мақсаты – аймақтағы ауыз толтырып айтар жаңалықтарды түркі тілдес елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуына қол жеткізу және өңірдің өзге елдермен ақпараттық саладағы ынтымақтастығын нығайту. Осы бағытта Түркістан облысының мерейін өсіріп, төрге оздыратын брендін қалыптастыру, оң имиджін барынша көтеру және Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру болып табылады.

«Тәжірибе алмасу,
пікірлесу, кеңесу –
журналистиканы
дамытады»

Талабы таудай бұл жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деді. Сондай-ақ ол:
– Мемлекет басшысы тарихы терең Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығы етуді, және бұл мекенді әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру туралы тапсырма берген болатын. Президент Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Өзге салаларға қарағанда табыс көзі көп туризмді дамытуда ақпараттардың сан тараптарға таралуының мәнісі зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы түпкі мақсатымыз осы. Осы форум арқылы біз шетелдік журналистерді бірге жұмыс істеуге шақырып отырмыз. Сіздер тарапынан облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлеріңізді біліп, көңілге қондыратын боламыз. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз,-деді.
Сонымен қатар, облыс әкімі облыс орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілген соң, аймақтың әкімшілік-іскерлік орталығы ретіндегі қала жылнамасын жазу мақсатында бірқатар журналистердің де қоныс аударғанын атап өтіп, бүгінгі форумның сол қалам иелерінің бойына ерекше серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейтініне сенім білдіріп, форум жұмысына сәттіліктер тіледі.
Өз кезегінде жиынға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосатындарын, шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытуға күш салатыны туралы лебіздерін білдірді. Қатысушылар бұл жиынның отандық және шетелдік журналистердің ынтымағының нығаюына зор мүмкіндік беретінін алға тартты.
Форумға қатысушылар киелі мекеннің туристік және рухани әлеуетін көтеруге оң серпін беретінін атап өтіп, ақпарат айдынында Түркістанның дамуына қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Мәнді жұмыстың мәйегі – меморандум

Шара барысында Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшілерімен меморандум түзді. Меморандум негізінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан Республикаларының жетекші ақпарат құралдарымен берік әріптестік байланыс орнатылмақ.
Енді Түркияның «TRT» телекомпаниясы, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігі, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі, Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясы Түркістан облысы туралы ақпараттарды алғаш болып өз оқырмандары мен көрермендеріне тарататын болады.
Олар, түркі мәдениеті мен руханиятын, бауырлас халықтардың бірлігін нығайту бағытында да ақпараттық қолдау көрсетпек. Бұдан бөлек журналистердің өз саласындағы жаңа технологияларды меңгеруіне, тәжірибе алмасуларына да көңіл бөлінбек. Өз кезегінде меморандумға қол қойған шетелдік БАҚ жетекшілері мен өкілдері бұл іскерлік байланыс тарихи қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар санының еселеп артуына алғышарт болатына сенім білдірді.

Ортамыздың толуына орталық оң әсер бермек

«ТҮРКІСТАН: ЖАҢА АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК» атты халықаралық форум қарсаңында Түркістанда «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы ашылды. Жоғарыда облыстық ішкі саясат басқармасы мен өзге елдердегі шетелдік БАҚ арасында екіжақты меморандум түзілгенін мәлім еттік. Сол құжат аясында Түркістанның тіршілігінен көп хабар беретін айшықты ақпараттар осы орталықта түркі тілдес елдерге түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз және орыс тілдерінде едел-жедел жеткізілетін болады. Жаңалықтар жаршысына айналатын орталықтың жұмысын жүргізуге Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де оқитын түркі тілдес елдердің студенттері ерікті түрде атсалысады.
Бұл орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Жұмыс істеуде жақсы ауан қалыптастыратын жаңа жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған онда бұдан өзге Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы тұрақты жұмыс істейтін болады. 70 адамға
лайықталған мәжіліс залы бар орталықта Қазақстан мен Түркістан облысы туралы ақпараттарды ағылшын тілінде тарату көзделіп отыр. Қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталықтың қызметін ақысыз пайдалана алады.
Ал, «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубында түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізілмек. Еліміздің интеллектуалды тұлғалары клубтың отырысына арнайы шақыртылып, түрлі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салмақ. Бұл кездесулер телеарналар мен әлеуметтік желілерде арнайы бағдарлама ретінде көрсетілмек.

Қ. ҚАЛИЕВ.