«Рухани жаңғыру» жаңа мазмұн, жаңа бағытпен толыға түседі
Таяуда Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен жиын негізінен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың және бағдарламаны басқару кеңсесінің қызметін ұйымдастырудың нәтижелерін талқылауға арналған болатын. Жиынды ашқан Әсет Исекешев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жақында жарияланған Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру аясында ерекше маңызды екеніне тоқталды. Сондықтан да, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толтырудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта жаңа «Ауыл — ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» жобалары іске қосылатын болады. Олар ауылдық аумақтардың дамуына қосымша серпін бермек», — деді Әсет Исекешев.
100 оқулық: Оксфорд белгісімен бірқатар сөздіктер шығарылмақ
Сонымен қатар, Ұлттық комиссия отырысында рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша әртүрлі бағыттардың жүзеге асырылу барысы туралы сөз болды. Атап айтқанда, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Айта кетерлігі, бұған дейін Ұлттық аударма бюросы алғашқы 18 кітапты аударып, Мемлекет басшысының алдында тұсауын кесіп, көпшілікке таныстырған болатын. Аталған 18 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен шығарылып, еліміздегі 110 жоғарғы оқу орнына тегін таратылды. Ал оқулықтардың электронды нұсқасы еліміздегі университеттердің порталына орналастырылған. Тоқтала кететін жайт, бұл жоба аясындағы жұмыстарға жалпы саны 300-ге жуық маман тартылыпты. Олардың басым бөлігі ғылыми дәрежесі бар, мойындалған, танылған ұстаздар мен ғалымдар, аудармашылар, тілшілер және баспагерлер. Яғни, бұл жоба арқылы аударылатын кітаптар білім мен ғылым сапасын көтеруге септігін тигізуі керек. Ең бастысы — сөзі анық, мазмұны ұғынықты аударманың мейлінше жоғары сапасы қамтамасыз етілуі керек. Рауан Кенжеханұлының сөзіне қарағанда, жаңа оқулықтарға деген сұраныс пен қоғамдағы қызығушылық жоғары болған. Сондықтан да, аударылған кітаптарды еліміздегі кітап дүкендері арқылы тарату үшін қосымша басып шығару қолға алыныпты. Айта кетерлігі, бұған жекеменшік баспалар тартылып, мемлекет қаржысы шығындалмайды. Әйтсе де, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры колледждерді осы оқулықтармен қамтамасыз ету үшін тиісті мемлекеттік мекемелер атсалысса деген тілегін айтып қалды. Ендігі тағы бір мәселе – Елбасы оқулықтарды аудару аясында жинақталған тәжірибелерді қорытып, ғылыми аудармаға қажетті сөздіктерді даярлауды тапсырған. «Бұл бағытта сөздіктерді шығару тәжірибесі жоғары Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Атап айтсақ, Оксфорд белгісімен үлкен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ сөздігі, сондай-ақ, қоғамдық және әлеуметтік ғылымдардың түсіндірме сөздігі, экономика түсіндірме сөздігі және қазақ тілінің кірме ұғымдарының сөздігін дайындау қолға алынды», — дейді Рауан Кенжеханұлы. Сөздіктермен қатар, жаңа оқулықтардың келесі легін, әлемге әйгілі авторлардың миллиондаған тиражбен жарияланған кітаптары аударылады. «Бұлардың ішінде Энтони Кенидің «Батыс философиясының жаңа тарихы», «Заманауи маркетингтің библиясы» атанған Филип Котлердің атақты оқулығының 17-ші басылымы, Өнер тарихынан сыр шертетін Эрнст Гомбрихтің 16-шы басылымы, халықаралық құқық бойынша қазіргі уақытта әлем мойындап отырған Майлколм Шоудың оқулығы, Стивен Пинкердің «Язык как инстинкт» кітабын атап өтуге болады. Бұл ретте аударылғалы отырған кітаптардың ішінде экономика және кәсіпкерлік циклына ерекше тоқталғым келіп отыр. Ол туындылар — экономика, макро және микроэкономика, менеджмент, бизнескоммуникация, маркетинг, жеке қаржы және инновация саласындағы кітаптар», — дейді Рауан Кенжеханұлы. Ал мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы биыл да толыға түседі.
BBC World
News-пен бірлескен «Travel shows of Kazakhstan» атты жобасы іске қосылады
Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, бұған дейін аймақтардың негізгі нысандары бойынша «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының алғашқы томы жарыққа шыққалы жатыр. Алдағы уақытта дәл осындай бес кітап шығарылады. Сонымен бірге, материалдар виртуалды картада да қолжетімді болмақ. Айта кетерлігі, былтырдан бері елімізде барлық қасиетті және тарихи орындарды, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ескерткіштерді жүйелендіру үшін әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде, алты бағыт бойынша, атап айтқанда Солтүстік, Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Орталық және Оңтүстік-Батыс бағытта ғылыми-зерттеу экспедициясы іске асырылған. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша ұлттық маңызы бар 185 және аймақтық маңызы бар 456 орын таңдап алынды. Алдағы жұмыстар да аз емес. «Жаһандық интернетте Қазақстан қасиетті орындарының брендін қалыптастыру үшін үш тілде 30-ға тарта видеоролик дайындалды. BBC world news, Viasat history, National geographic телеарналары америкалық Castle Film компаниясымен бірлесе отырып, «Көшпенділер жері», «Алтын адам» «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Қожа Ахмет Ясауи», «Айша Бибі» фильмдері көрсетілуде. Осы жылдың қарашасында BBC World News-пен бірлесе отырып, «Travel shows of Kazakhstan» атты жобаны бастау жоспарланып отыр. Оған Қазақстанның туристік әлеуеті туралы бес бағдарлама енеді. Сонымен бірге, әлемнің жетекші музейлерінде Алтын адамның көрмесі өткізілді. Көрмелер Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қытай, Польша елдерінде ұйымдастырылды. Жақын арада дәл осы жоба Ұлыбритания, Грузия, АҚШ, Австралия, Италия мен Францияда өткізілмек», — деді министр.
Жас суретшілердің үздік туындылары Ұлыбританияның заманауи галереяларында көрсетілмек
Бағдарламаның «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша да жұмыстар жүйелі атқарылуда. Тіпті бұл бағытқа еліміздің барша шығармашылық ұжымдары атсалысып отыр деуге келеді. ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның айтуынша, театр мен кино әрдайым қазақстандық мәдениеттің маңызды аспектілері саналады. Сондықтан түрлі форматтағы шаралар кешенін ұйымдастырылды. Мәселен, «Astana opera», Абай атындағы опера және балет театры, «Астана балет» және басқа да ұжымдар Еуропа мен Азия елдерінің көрермендерін ұлттық опера қойылымдарымен таныстырып жатыр. Сонымен қатар, биыл Қазақстан кинотуындылары да халықаралық аренадағы түрлі кинофестивальдерге белсене қатысқан. Мысалы, биыл Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 71-ші Канн кинофестивалінде Қазақстан павильоны ашылды. Онда «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің таныстырылымы өткен. Сондай-ақ, жыл басынан бері «Қазақфильм» АҚ-ның 18 фильмі 14 халықаралық кинофестивальге қатысып, 11 жүлде жеңіп алды. Бұл ретте Аида Балаева «Анаға апарар жол» фильмінің Нью-Йорктегі WeLink Халықаралық кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» жүлдесін иеленгенін де еске салады. Ал Мәдениет министрлігінің тапсырысымен және меценаттардың қолдауымен түсірілген «Әміре» фильмі Silver screen film (Сильвер скрин фильм) марапатын алған. Сонымен қатар, бұл туынды Голливудтағы кинофестивальдің ақтық сынына шыққан. Қазақстандық кино күндері де жақсы нәтиже беруде. Биыл қазақстандық кино күндері Италияда, Эстонияда және өзге де елдерде ұйымдастырылды. Аида Балаеваның айтуынша, отандық бейнелеу өнерін насихаттау бағытында шетелдерде бірқатар шаралар өткізіліп жатыр. «ҚР Ұлттық музейдің, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің шетелдік экспозициялық жобаларын іске асыру жұмыстары жалғасын тапты. АҚШ, Британия, Қытай, Беларусь, Әзірбайжан елдерінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі», «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуропа қиылысында» көрмелері ұйымдастырылды», — деді ол.
Бұдан бөлек, Ұлттық музейде іске қосылған «Focus Kazakhstan» жобасы аясында Қазақстанның жас, дарынды суретшілері Ұлыбританияның заманауи галереяларында өз өнер туындыларын көрсету мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, Қазақстанға шетелдік аудиторияның назарын аудару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, елордада өткен «Astana art show» атты алғашқы
халықаралық биеннале жыл сайын отандық суретшілер үшін ұйымдастырылатын заманауи өнер алаңы болмақ. «Қазақстан бейнелеу өнері антологиясын құрастыру үшін Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жалпыхалықтық дауыс беру арқылы Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген үздік туындылар іріктелді. Антология қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді», — деді Аида Балаева.
«100 жаңа есім»: Жастардың қызығушылығы артып отыр
Ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы неліктен биыл қайтадан өткізілетініне тоқталды. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінге дейін моноқалалар мен аудан орталықтарының бәрін қосқанда еліміздің барлық өңірлерінде жоба жеңімпаздарының қатысуымен 300-ге жуық шара өткізілген. Олардың кейбірі жүйелі сипатқа ие болып, коммуникация үшін тиімді алаң ретінде өзін таныта білді. «Биыл «100 жаңа есім» бағыты бойынша ақпараттық кеңістікке мониторинг және халықтың мыңдаған ұсыныстарына талдау жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде жобаны ары қарай жалғастыру туралы әлеуметтік сұраныстың бары анықталды. Бұл ретте еліміздің азаматтық секторы ерекше ұстанымын танытқанын атап өту керек. Осыған байланысты министрлік Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатыр», — деді Дәурен Абаев. Министрдің айтуынша, бұл жолғы жобаның басты ерекшелігі — іздеуде және іріктеуде үкіметтік емес сектордан үміткерлерді табу секілді институционалдық әдіс қолданып отыр. Сонымен қатар, әлбетте, өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі де бар. «Биыл 3 қыркүйек пен 25 қазан аралығында 2 388 өтінім келіп түсті. Аймақтық үлес бойынша еліміздің барлық өңірлері атсалысып жатыр. Әсіресе, ерекше белсенділікті Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан байқауға болады», — дейді Дәурен Абаев.
Министр атап өткендей, жобаға жастардың да қызығып отырғаны қуантады. Сонымен қатар, қазірдің өзінде бұл санатта қоғамның назарына іліккен жандар бар екен. Министр Дәурен Абаев солардың бірқатарына тоқталды. «Мәселен, Индира Әділбаева деген бойжеткен баскетбол бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларға жаттықтырушы болып жүр. Сондай-ақ, Ларион Ян клинингті компанияны жасақтап, қазір қол астындағы 5 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Ердос Төлегенов деген тағы бір жігіт «Ойла» атты балалардың ғылыми журналын шығарды. Ол журнал қазіргі таңда Германия мен Лихтенштейн мен Люксембургте, Нидерланды мен Швейцарияда, Австралия мен Жаңа Зеландияда, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда шығарылып жатыр. Ол қазірі таңда франшизаны сатып жіберген. 20 мың данамен шығатын бұл журнал өте қызықты. Сол секілді Айдос Есмағамбетов — силиконнан мүсін жасайтын ерекше мүсінші. Оны тіпті мадам Тюссо мұражайы шақырыпты. Дойбыдан әлемнің он бір дүркін чемпионы Марат Жикеев деген мықты адам бар. Міне, жобаны жалғастыруға тұрарлық айналамызда қаншама кісілердің барын біліп отырмыз», — дейді министр. Айта кетерлігі, «100 жаңа» есім бойынша үміткерлерге баға беру үшін арнайы Сарапшылық кеңесі құрылған. Жобаға қатысушылар ең соңында онлайн дауыс беру арқылы іріктеледі. Дауыс беру 1-15 қараша аралығында өтеді. Ал 1-5 желтоқсан аралығында «100 жаңа есімге» енген адамдар көпшілікке таныстырылады.
«Туған жер» жобасы толығып келеді
ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, «Туған жер» жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Оңдасын Оразалинның айтуынша, бизнес тарапынан осы бағыт үлкен қолдау тауып отыр. Өңірлерде де көптеген іс-шаралар мен жоспарлар бекітілген. Биылдың өзінде жоба шеңберінде республикада жылдың басынан бері үш мыңнан аса іс-шара жүзеге асырылған екен. «Алдағы уақытта қоғамдық сананы жаңғыртуда тиімділігін көрсеткен маңызды бағыттарға қарай жұмысты үйлестіріп, Президенттің 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын есепке алу көзделуде. Бірақ, бұл ретте бірқатар назарға аларлық тұстар бар. Біріншіден, бізде бұл бағытта орталық органдар мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын әлі де күшейту керек. Себебі, коммуникация жобалық кеңсенің мамандарының деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Бұл біршама сұрақтар туындатып отыр. Өйткені, аймақтық кеңселердің жұмысына жеткілікті деңгейде маңыз берілмейді. Жобаның жүзеге асырылуына толыққанды мониторинг жүргізу қажет деп есептейміз», — дейді Оңдасын Оразалин. «Туған жер» жобасы бойынша Оңдасын Оразалин тағы бір маңызды мәселеге назар аударуды еске салды.
«Жобаны ақпараттық тұрғыда қолдау бойынша айтарым бар. Аймақтарға сұрақтар көп. Жағдай мынада. Қазіргі таңда кейбір іс-шаралардың пиар-сипаты байқалып жатыр. Ал біз халық пен бизнес үшін жоба мен атқарылған жұмыстың басымдықтарын көрсеткіміз келеді», — дейді ол. Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ауыл — ел бесігі» атты жаңа арнайы жобаны енгізуді ұсынды. Есте болса, «Ауыл — ел бесігі» атты жаңа жоба Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген еді. «Елбасы қолдауының арқасында ағымдағы жылдың шілде айында 2017-2021 жылдары агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жандандырылған. Өзіміз көріп отырғанымыздай, АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бизнес процестер тұрғысынан ауыл еңбеккерлерінің басым бөлігін қамтып отыр. Бірақ ауылшаруашылық өндірісінің басқа салалардан айырмашылығы мен оның ерекшелігі ауыл шаруашылығының тек өндіріс саласы ғана емес, ел тұрғындарының үлкен массасының өмір саласы болғанында», — деді А. Евниев. Талқылаулар қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның төрағасы Үкіметке 2018-2019 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірыңғай жоспар әзірлеуді, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа «Ауыл — ел бесігі» әлеуметтік жобасын іске қосуды тапсырды.
Қанат Мәметқазыұлы,
«Іnform.kz».