ТҰРҒЫНДАР «HIGHVILL» САЛҒАН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ТҰРАДЫ
Құрылыс нарығында 2004 жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келе жатқан кореялық «Highvill» компаниясы енді үшінші қала Шымкентте тұрғын үй кешенін салатын болады. Осы мақсатта бірер күн бұрын Шымкент қаласы әкімдігі, «Highvill» құрылыс компаниясы және «Шымкент» ӘКК үш жақты меморандумға қол қойды. Соның негізінде кіл мықты мамандар топтасқан компания «Shymkent City» аумағындағы жалпы 52 гектарға жуық жерге тұрғын үй кешенін салатын болады.
Компания өкілдері тұрғын үй кешенінде 5500 пәтер мен 6700 орындық көлік тұрағы салынатынын алға тартуда. Баспаналар әлеуметтік және бизнес-класс үлгісінде бой көтермек. Және олардың барлығы ақылды технологияларға сай негізделіп жасалмақ.
Құрылыс компаниясы бұл жобаға 160 млрд теңге шамасында инвестиция құймақ.
Кореялық бұл компания бұған дейін Астанада «Highvill» тұрғын үй кешенін салған. Жергілікті тұрғындар ол аумақты «Қала ішіндегі қала» деп ерекше сүйкіммен айтады. Себебі онда өзінің дәріханасы, сауда орны, сұлулық салоны, балалар орталығы, гүлдер дүкені, дәмхана мен мейрамханалар бар.
Баянды бастамаларға негіз болған үш жақты меморандумға қол қою кезінде «Highvill»-Kazakhstan» компаниясының бас директоры Канг Джон-Дэ Шымкенттің үшінші мегаполис атануы алда атқарылатын жұмыстарына озық тәжірибені енгізуіне серпін беретінін атап өтті.