ҚАЛАДА АБАТТЫ «АСТАНА» АУДАНЫ АШЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 18-маусымында «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы аясында Шымкентте «Астана» шағынауданы мен «Астана» гүлзар бағының ашылуы болып өтті. Оған облыс басшысы Ж. Түймебаев пен сол кездегі Шымкент әкімі Н. Сауранбаев қатысты. Салтанатты шара аясында жаңа ауданда салынған көпқабатты тұрғын үйлердегі 15 пәтердің кілттері өз иелеріне тапсырылды. 

Қоныстойды тойлау қуанышына кенелген бұл отбасылардың 7-уі әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар болса, 6-уы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, қалғаны ұзақ уақыттан бері үй кезегінде тұрған тұрғындар болып табылады. Шат-шадыман қуанышқа кенелген айтулы күнде Жансейіт
Қансейітұлы жиналған қауымға қоныстойларының құтты болуын тіледі. Өз кезегінде ол жаңа шағынауданның ашылу салтанатын Елорданың 20 жылдық тойы қарсаңына қарай өткізудің мәнісін, шағынаудандағы бұл үйлердің кезінде Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен салынғандығымен, және сол кісінің сарабдал саясатының арқасында қолға алынған бұл тірлік тыңғылықты аяқталып жатқаныдығымен тығыз байланыстырып өтті.
Тұрғындарға берілген үйлердің құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Бүгінде жаңадан құрылған «Астана» шағынауданында барлығы 40-тан астам тұрғын үй бар. Олардың 10-ға жуығы пайдалануға берілген. Қалғандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олар кезең-кезеңімен тұрғындарға тапсырылатын болады.
Шымкенттіктердің жүздерін бал-бұл жайнатқан осы күнде аталған ауданда «Астана» гүлзарының ресми түрде ашылуы болып өтті. Жалпы аумағы 1 гектарды алып жатқан гүлзарда шынар, каштан, қайың ағаштары сынды көшеттер отырғызылып, көздің жауын алатын гүлдер егілген. Тиісті талаптарға сай орындықтар мен жарықшамдар қойылған. Балаларға арналған ойын алаңшалары да орнатылған.
Қаланың көркін ашып тұрған гүлзардың орталық алаңында шаңырақ сәулеттік бейнесі қойылған. Сол арқылы құрылысшылар елімізде шағын мемлекет болып табылатын әрбір шаңырақтың шайқалмай, бақытты, баянды күн кешуін меңзегенін айта кетейік.