«ЕРЛІК» ЕҢСЕЛЕНЕ ТҮСТІ
Шымкенттегі «Ерлік» мұражайының құлашы кеңейді. 18-маусымда аталған музейдің қосымша ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті. Оған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев пен аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты. Айтулы шарада Ж. Қансейітұлы:
– Бүгінгі шара — ерлікті дәріптеуге, жастардың бойына отаншылдық сезімді сіңіруге бағытталған. Бұл музей ата-әжелеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері мен жеңістерін, тылдағы еңбектерін, ауған соғысы ардагерлерінің ержүректілігін ұрпақтар арасында насихаттауда үлкен мәнге ие. Жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеуде аталған орталықтың қосар үлесі мол, — деді.
«Ерлік» мұражайының ғимараты бұған дейін 209,6 шаршы метр болса, облыс әкімдігінің қолдауымен жаңадан ашылған қосымша ғимарат 285 шаршы метрді құрайды.
Естеріңізге сала кетсек «Ерлік» мұражайы ең алғаш 2012 жылдың жылжабар желтоқсан айында ашылып, 2013 жылы 19 шілдеде ОҚО тарихи-өлкетану музейінің «Ерлік» филиалы ретінде ресімделген болатын. Мақсат – ел басына күн туған шақтарда етікпенен су ішкен есіл ерлердің батырлығына тағзым ету. Сол мақсатта онда «осалдың омыртқасын сындырып, беріктің белін бүгілдірген» Ұлы отан соғысы жылдарында Отан үшін отқа батқан майдангерлердің өмірдеректері, орден, медальдары, олар жазған хаттар мен тұтынған заттары қойылған еді. Сонымен қатар, ұрыс даласынан жеткен суреттер де сөрелерге орнатылған-тын. Сөйтіп әп-сәтте ондағы жәдігерлер саны 2 мыңға жуықтаған. Содан бергі уақытта олардың саны арта түсіп, ғимарат орнының тарлылығы айқын сезілген. Мәселенің оябын табуға әкімдік зор қолдау танытқан.
Жаңадан ашылған екі қабатты ғимаратта екі экспозициялық зал, 50 орындық мәжіліс залы, экспонаттарды сақтайтын және қызметкерлер жұмыс істейтін бөлмелер бар. Алдағы уақытта бұл мұражайда соғыс ардагерлерінің ерліктерін дәріптейтін шаралар, зиялы қауым өкілдерімен болатын керім кездесулер және өзге де тарихи-танымдық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр.