ШӘМШІНІҢ ӘНІ-ХАЛЫҚТЫҢ ӘНІ

Бүгінде қазақтың кең байтақ даласын әнмен тербеген ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Қылаудай кінәсі жоқ таза көңілін, туған елге, жерге деген періште сезімін паш еткен әні, айдай әлемге айқара ашылған кіршіксіз жаны Шәмшіні халқының мәңгілік махаббатына бөледі.
Бүгін ауданымызда ән падишасының 88 жылдығына арналған «Шәмшінің әні-халықтың әні» атты еске алу кеші өтті. Шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, шалқар шабыт, асқан дарын иесі, жерлесіміз Ш.Қалдаяқовтың туған жеріндегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң көпшілік Шәмші Қалдаяқов ауылдық мәдениет үйінің фойесіне қойылған ұлы композитор жайында жазылған кітап көрмелерін тамашалап, одан әрі дөңгелек үстелде бас қосты.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов: «Қазақ ән өнерінің тарихында өшпестей із қалдырған, халқымызға ғажайып әсем әндерін сыйлап кеткенсазгер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, әрі бірегейі.Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Қазір ұлы сазгердің әндерін кей шет мемлекеттің халқы ерекше ықыласпен айтып жүр. Бұл келешекте Шәмшіні әлем халқы танып, оның туған жеріне келуге қызығушылық танытатындардың саны артады деген сөз. Біз өз кезегімізде Шәмші ауылына келушілерге қолайлы жағдай жасап, тиісті жұмыстар атқаратын боламыз. Бүгінгі таңда осы бағыттағы бағдарлы жұмыстар басталып та кетті» -деді.
Басқосуда Шәмшінің көзін көрген замандастары мен туыстары естеліктер айтып, сазгер бойындағы ерекше ізгі қасиеттерін сөз етті. Одан соң аудан өнерпаздары Ш.Қалдаяқовтың жүрек тербер әндерін шырқап, кешке келген қонақтар ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Кездесу кешінен соң аудан әкімі ауылдағы жаңадан салынып жатқан «Шәмші» саябағы мен елдімекенді газдандыру жұмыстарын аралап көріп, жүйелі жұмыстарды пысықтап қайтты.