ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Бүгін Жер шарындағы барша адамзат, пайғамбарымыз Мұхаммед, жаратушымыз бір Алла деп иман келтірген мұсылман қауымының ұлы да ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесі еліміздің барлық аумағында тойланып жатыр. Халықты бірлікке шақыратын осындай ұлы мейрам Кеңес одағы кезінде тыйым салынған болатын. Тәуелсіздік тұсында Елбасымыз Н.Назарбаев арнайы жарлықпен Құрбан айттың бірінші күнін ресми демалыс ретінде жариялады. Бұл игі қадам Қазақстан халқының ынтымағына қызмет ететін болады.
Отырар ауданының барлық мешіті Құрбан айт намазына келушілерді таң азаннан есіктерін айқара ашып, имамдар уағызбен қарсы алды.
Ауданымыздағы ең үлкен «Арыстанбаб» мешітінде ауданның бас имамы Әлижан Бекбауов намазға жиналған қауымға Құрбан айт мерекесінің маңызы, мұсылманның парызы жөнінде ғибратты әңгіме айтты. Жамиғатпен бірге оқылған намаздан соң, бас имам Алладан бәрімізге шапағат сұрап, дұға тілегін арнады.
Құрбан айт мейрамында ата – бабаларымыз ауылдастарының үйлеріне айттап, соңы жалпы халықтық мерекеге ұласқан. Әр түрлі ұлттық ойындар ойналып, жеңімпаздар марапатталатын болған. Бүгінгі мерекеде осы дәстүріміз жаңғырып, арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру сияқты ойындардан жарыс өтіп, үздік шыққандар сый – сияпаттармен марапатталды.
Мерекеге ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, аудан басшысы Ерлан Айтаханов қатысты.