ҚҰРЫЛЫСШЫ – ҚҰРМЕТТІ МАМАНДЫҚ!

Тамыз айының екінші жексенбісі – құрылысшылардың кәсіби мерекесі болып аталып келеді. Осынау мерекеге орай апта басында бірқатар құрылысшы мамандығын иеленген азаматтарға құрмет көрсетілді. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерғали Қарымсақов аудан көлемінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания қызметкерлеріне, бөлімдерде жемісті қызмет атқарып жүрген мамандарға сый-сияпаттар табыс етті.
– Құрылыс саласы ежелден экономикамыздың маңызды саласы атанған. Бұл мамандықты иеленген азаматтарға қашан да лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Себебі, өңірдегі кез-келген нысанда, ғимаратта құрылысшы алақандарының ізі қалады. «Мынау мен салған мектеп, мынау мен тұрғызған үй» деп ол азаматтар мақтанышпен айтып жүреді. Сондықтан да, құрылысшы мамандығы құрметті мамандық. Сыр бойын бөгеп, Қызылқұм массивін игеруде түрлі ұлт өкілдерінен құрылған құрылысшыларымыз ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Бүгінгі мерекеге қатысып отырған ардагерлеріміз уақытпен санаспастан еңбек етіп, бүгінгі шырайланған Шардараны өмірге әкелді. Сіздер арамызда аман-сау жүре беріңіздер. Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету бүгінгі өскелең ұрпақтың бұлжымас парызы болуға тиіс, — деді Нұрмахан Нартайұлы.
Мұнан кейін құрылысшыларға аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың атынан «Алғыс хат» пен сый-сияпаттар табыс етілді. Ардагер құрылысшылар ішінде Тәңірберді Ағманұлы, Оралбай Ақбердиев, Шаншар Дауылбаев, Құттыбай Серманизов, Егемберді Дүйсенов, Ақмұрат Әубәкіров, Әбдібек Бердияров есімді азаматтар әкімнің марапатына ие болса, мердігер компаниялардан «Ұлы Орда» ЖШС-інің директоры Бағдат Сүлейменов, «ТСК-Рабат» ЖШС-інің директоры Ержан Қалдыбаев, «Конструктор-80» ЖШС-інің директоры Қуаныш Қабылбекұлы, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің статист есепшісі Жұлдызай Сапарова, осы бөлімнің нұсқаушысы Нүркен Әзтаевтарға да осындай сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, Нұрмахан Сапаров облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Құттыбек Жамашевтің атынан аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басшысмының орынбасары Ерлан Әбдіразахов пен осы бөлімнің іс басқарушысы Алмас Оспановқа «Алғыс хаттар» көпшілік алдында тапсырды.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерғали Қарымсақов та құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, партия атынан тарту-таралғы жасады. Атап айтар болсақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының «Алғыс хаттарымен» ардагер құрылысшы Жұмабек Әлімжанов, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің нұсқаушысы Айдос Тәңірбергенов, «Спец Тех» ЖШС-інің сарапшысы Дәурен Балтабай, «Фараб құрылыс» ЖШС-інің сарапшысы Бақтияр Тілегенов, «Ұлы ОРда» ЖШС-інің инженер маманы Әйгерім Ержанқызы, «Конструктор-80» ЖШС-інің инженер маманы Сәкен Ермеков, «ТСК-Рабат» ЖШС-інің инженер маманы Арман Сайлауұлы марапатталды.
Құрылысшылар күніне орай облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын иеленген аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрғали Мырзахметов бөлімде жемісті қызмет атқарып келе жатқан бір топ қызметкерлер мен мердігер компания мамандарына бөлім атынан «Алғыс хаттар» мен сыйлықтар тапсырды. Бұл марапатпен бөлімнің бас мамандары Жұмабек Қабылов, Сапарғали Омаров, Мағжан Асқаров, Бекжан Нұргелдиев, Әзіретәлі Қошқарбай, бөлім қызмектерлері Пердебек Ибадуллаев, Оразәлі Холбутаев, Асқарбек Айтбек, «Мир-Строй» ЖШС-інің сарапшы маманы Қыдырбай Тілеубаев, «Ұлы ОРда» ЖШС-інің инженер прорабы Әнефия Алпысов, «GNGroup» ЖШС-інің директоры Нүркен Увайдин, «Шардара Жер Сервис» ЖШС-інің директоры Асқар Бақтілеуұлы марапатталды.
Ардагер құрылысшылар арасынан сөз алған «Құрмет» орденінің иегері Тәңірберді Ағманұлы өздеріне көрсетіліп жатқан жылы көңілге ризашылығын білдірді.
–Кезінде біздің Шардара қаламыз екпінді құрылыс алаңына айналып, кұрылысшылар қаласы атанған еді. Аудан көлеміндегі екі тресте 600-ге жуық инженер маман жұмыс істеді. Әлі есімде, Шардара су қоймасының қазаншұңқырын салған кезде қырық ұлттың өкілдері үш ауысымда бір үйдің баласында тату-тәтті еңбек етті. Тәуліктің кез-келген мезгілінде құрылыс басынан шақырту келсе еш сылтау айтпастан жұмысқа кете беретін еді. Сол кездегі 20-25 жастағы жігіттер бүгінде жастары 80-ді алқымдаған аталарға айналды. Көпшілік ардагерлер кәрілік салдарынан төсек тартып жатыр. Біз алдағы уақытта осындай ерлерімізді де ескеріп отырусақ нұр үстіне нұр. Бүгінгі мерекелерің құтты болсын, айналайындар, — деді Тәңірберді Ағманұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.